Өскеменде бұрынғы №1 қалалық аурухана жаңғыртылуда (видео)
Өткен жылы Шығыс Қазақстан облысының басшылығы 40 жылдан астам уақыт жөндеу көрмеген бұрынғы №1 қалалық аурухананың ғимаратын толық жаңғыртуды қолға алды. Қазір бұл мекеме – Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған медициналық орталығы (ШҚО ММО) – ауқымды қайта құру сатысынан өтуде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Халық арасында әлі күнге «1-қалалық аурухана» деп аталатын орталық бұрыннан сынға ілініп келе жатқан. Бірнеше рет «жөндеу жұмыстары басталады» деп айтылғанымен, тек жекелеген бөлмелерді жөндеумен шектеліп келді. Кеңестік стильдегі тар палаталар, ескі тозығы жеткен жабдықтар – мұның бәрі тұрғындар үшін үйреншікті көрініске айналған еді. Нағыз күрделі жөндеу қажет болатын.
Бүгінде аурухананың барлық дерлік жүйелері - желдету жүйесінен бастап, палаталардағы шақыру батырмаларына дейін жаңартылып жатыр.
Жөндеу жұмыстарының жалпы ұзақтығы – сегіз ай. Аяқталу мерзімі – 2026 жыл.
Аурухананың қабылдау бөліміне күніне 200-ге жуық адам жүгінеді. Дегенмен олар әлі де тар дәліздер мен ескі бөлмелерде отыр. Енді бұл бөлім де күрделі өзгеріске ұшырайды, және бұл жолы бюджет есебінен емес, жеке инвестиция есебінен. Инвестиция көлемі – 1 миллиард теңгеден асады.
Қалалықтар да қазіргі өзгерістерге түсіністікпен қарай бастады.
Тұрғындар талай жылдар күткен жөндеу жұмыстары ақыры жүзеге асып жатыр. Жергілікті атқарушы органдардың бастамасы мен серіктестердің қолдауының арқасында бұрынғы №1 қалалық аурухана тек сырттай емес, мазмұндық тұрғыдан да жаңарып, қазіргі заман талабына сай медициналық мекемеге айналуда. Енді мұнда емделушіге деген қамқорлық жайлы палатадан басталып, сапалы медициналық көмекпен аяқталады.
Видео: Жалғас Сақадиев, Евгений Щетников



