Қауіпті иіс: ШҚО-да полиция қызметкерінің қырағылығы бес баланың өмірін сақтап қалды
Республикалық «Учаске» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында Үлбі полиция бөлімінің қызметкерлері есепте тұрған отбасыларды аралап, саяжай аумақтарын тексеріп жүрген болатын. Сол үйлердің біріне ювеналды полиция тобының инспекторы, полиция капитаны Әсел Тукушева кезекті бақылау мақсатында кірген еді. Алайда бұл қарапайым тексеріс бір отбасы үшін шешуші сәтке айналды, деп хабарлайды Altainews.kz.
Үйдің табалдырығын аттаған бойда инспектор үй ішінен өткір улы газдың иісін сезеді. Бұл үйде бес баласын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған ана тұрады: үлкені — 17 жаста, ең кенжесі — небәрі 3 жаста. Қауіп сағат емес, минут санап күшейіп жатқан. Полиция қызметкерінің жедел әрекеті мүмкін қайғылы жағдайдың алдын алды.
Шақыру бойынша жеткен Өскемен қаласы ТЖД мамандары үй ішінде көмірқышқыл газының иісі барын растады. Қауіптің негізгі себебі – пештегі жырықтар арқылы түтіннің бөлмеге таралуы.
Тексеру қорытындысы бойынша, пеш қалпына келтірілмейінше отбасына бұл үйде тұру қауіпті деп танылды. Ана мен бес бала арнайы дағдарыс орталығына уақытша орналастырылды.
Полиция капитаны Әсел Тукушеваның қырағылығы мен жедел шешім қабылдауының арқасында алты бірдей адамның өмірі сақталып, үлкен трагедияның алдын алу мүмкін болды.
Фото: ШҚО ПД


