Ермек Көшербаев Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанның қабылдауында болды
Қазақстан Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Анкараға жасаған ресми сапары аясында Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанның қабылдауында болды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Кездесу барысында Түркия басшысы қазақ-түрік ынтымақтастығының кеңейтілген стратегиялық серіктестік деңгейінде қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, екі ел арасындағы көпжоспарлы өзара іс-қимылды одан әрі жан-жақты дамыту маңызды екенін жеткізді.
Өз кезегінде Ермек Көшербаев Түркия Президентіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ыстық сәлемі мен ізгі тілегін жеткізді. Сонымен қатар, жоғары және биік деңгейде қол жеткізілген келісімдердің жүзеге асырылу барысы туралы мәлімет берді.
Тараптар бауырластық пен берік достыққа негізделген Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынасты нығайту жолдарын талқылады. Бұдан бөлек, халықаралық ұйымдар аясындағы өзара қолдау, соның ішінде түркі интеграциясы бағытындағы бірлескен жұмыстың маңызы жоғары бағаланды. Кездесуде жаһандық және өңірлік мәселелер бойынша екі ел ұстанымдарының ұқсастығы да атап өтілді.

