Халық – биліктің бастауы: ШҚО-да жаңа Конституция жобасының негізгі қырлары талқыланды
Шығыс Қазақстанда өткен облыстық идеологиялық актив жиынында елдің жаңа Конституциясының жобасы және конституциялық реформаның маңызы кеңінен талқыланды. Құжатты Конституциялық реформа жөніндегі комиссия қаңтар айының соңында жариялаған болатын. Ал азаматтардың ұсыныстары e-Otinish және eGov арқылы қабылдануда. Бұл үдерістің түпкілікті шешімі жалпыхалықтық референдумда қабылданады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Еске салайық, жаңа Негізгі заң жобасы азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардан түскен ұсыныстарды жан-жақты талдау, сондай-ақ ашық қоғамдық талқылаулар нәтижесінде әзірленді. Конституциялық реформаның бастауына Мемлекет басшысының бір палаталы Парламент құру туралы бастамасы негіз болды. Бұл идея 2025 жылғы 8 қыркүйекте Қазақстан халқына арналған жыл сайынғы Жолдауында айтылған еді.
Жалпы, реформаны талқылау шамамен жарты жылға созылды. Осы уақыт ішінде Жұмыс тобы e-Otinish пен eGov порталдары арқылы келіп түскен екі мыңнан астам азаматтық ұсынысты жүйелеп, жинақтады.
2026 жылғы қаңтарда өткен Бесінші Ұлттық құрылтайдың рөлі де ерекше атап өтілді. Дәл осы жиында Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы өзгерістердің ауқымын нақтылады. Бастапқыда Конституцияның шамамен 40 бабына түзету енгізу көзделсе, талқылау барысында өзгерістер саны артып, саяси және әлеуметтік өмірдің кең аясын қамтитыны белгілі болды.
21 қаңтарда Конституциялық комиссия құрылды. Оның құрамына Ұлттық құрылтай мүшелері, құқықтанушылар, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары, мәслихат төрағалары, өңірлік қоғамдық кеңестердің өкілдері, сарапшылар мен ғылыми қауымдастық мүшелері – барлығы 130 адам енді.
Комиссия Конституция мәтінінің 84 пайызын қамтитын 77 бап бойынша ұсыныстарды қарады. Нәтижесінде Қазақстанның жаңа Конституциясын әзірлеу мәселесі қолдау тапты. ШҚО активінің отырысында жобаға тән құндылықтық негіздерге ерекше назар аударылды.
Адам капиталы арқылы даму идеясының маңыздылығы да атап өтілді. Бұл туралы өз сөзінде Конституциялық комиссияның мүшесі, ШҚО Қоғамдық кеңесі мен Азаматтық альянсының төрайымы Аяужан Әшімова баяндады.
Жобаның цифрлық бағытына да ерекше назар аударылды.
Отырыс барысында саяси-институционалдық өзгерістердің маңызы да талқыға түсті. Атап айтқанда, кеңейтілген өкілеттіктерге ие бір палаталы жаңа Парламент – Құрылтай құру, сондай-ақ халық мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган – Қазақстанның Халық Кеңесі атты жалпыұлттық диалог платформасын қалыптастыру мәселелері қозғалды.
Жалпы алғанда, Конституцияның жаңа редакциясының алғашқы жобасында Кіріспе, 11 бөлім және 95 бапты бекіту ұсынылып отыр. Түпкілікті шешімді ел азаматтары жалпыхалықтық референдумда қабылдайды.
Дамир Омаров
Фото: Артем Жигулин
Видео: Жәнібек Ырысбай








