KZ
Өскемен
-14°
пасмурно жел 1 м/с, В
498.34 519.72 4.85

Қамкөңіл қарияларға мерекелік көңіл күй сыйлады – Өскемен

Фото: Тілеубек Шаяхмет
Фото: Тілеубек Шаяхмет
28.12.2023, 20:00 404 Нұржан Кенжеұлы

Жаңа жыл қарсаңында Өскеменнің іргесіндегі Қарттар және мүгедектігі бар адамдарға арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында ерекше мерекелік іс-шара өтті.

 

Бұл күні Солнечный кентінде орналасқан орталықта «Жаңажылдық ертегі» атты маскарад балы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

 

Мерекелік іс-шара барысында орталықта тұрып жатқан ата-әжелер мекеме ұжымы әзірлеген театрландырылған қойылымды тамашалап, артынша Өскемен қаласы мен Ұлан ауданынан арнайы келген бір топ өнерпаздың өнеріне қол соқты. Салтанатты жиын кезінде көрермен қауым түрлі ойындарға қатысып, тәтті-дәмділер алып, ән айтып, би билеп, мәре-сәре болып қалды.

 
– Бүгінгі іс-шарадан ерекше әсер алып отырмын. Театрландырылған қойылым да, концерт те көңілімізден шықты. Өзім Ұлан ауданының тумасы болған соң әсіресе жерлестерімнің өнеріне тәнті болдым. Негізі бізге келіп, өнер көрсететін әртістер аз емес. Осыған дейін де көптеген концерттің куәсі болған едік. Дегенмен бүгінгі мерекенің жөні бөлек. Өйткені, ол Жаңа жыл қарсаңында өткізіліп отыр. Қарияларға осындай мерекелік көңіл-күй сыйлаған барлық азаматқа зор алғыс айтамын, – дейді биыл 75-ке толған Тұрсын Қусанова есімді әжей.

 

Бүгінде орталық тұрғындарының арасында 18 тыл ардагері, 46 мүмкіндігі шектеулі жан мен Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерінің жұбайы бар екен.

 

Орталық директоры Ерболат Ошақбаевтың айтуынша, мекемеде мұндай іс-шаралар арагідік өтіп тұрады. Тіпті, бұған дейін жергілікті орталықты паналаған қариялардың алдында Маржан Арапбаева мен «МузАРТ» ансамблі сияқты елімізге танымал әншілер мен өнер ұжымдары да ән салыпты.

 

– Бүгінде біздің орталықта 120-ға жуық адам тұрып, түрлі әлеуметтік көмек алуда. Оларға 90-ға жуық маман қызмет көрсетуде. Жалпы, бізге облыс басшылығы, сондай-ақ Өскемен қаласы мен Глубокое ауданының әкімдіктерінен, кәсіпкерлерден, өндіріс орындары мен білім мекемелері тарапынан жан-жақты қолдау бар. Сол үшін оларға ерекше рахмет айтамын. Біз де қызмет алушыларға барынша қолайлы жағдай жасауға тырысудамыз, – дейді Ерболат Ошақбаев.


 

Бүгінде бұл мекемедегі ата-әжелеріміз төрт уақыт тамақпен және төсек-орындармен қамылған. Орталық тұрғындары еңбек терапиясына белсене қатысып, өз бейімдеріне қарай бірі музыкамен, сурет салумен айналысса, енді бірі тоқыма, қолөнермен шұғылданады.

 

Бүгін мұнда тамаша маскарад балы өтіп, өнерпаздар ата-әжелеріміздің көңілін бір көтеріп тастады.

 

Сонымен қатар орталық директоры тағы бір қуанышты жаңалықпен бөлісті. Оның айтуынша, осыдан біраз бұрын мекемеге облыс әкімі арнайы ат басын тіреп, орталықтың жағдайымен танысқан болатын. Сол кезде аймақ басшысы автокөлік мәселесін шешуге көмектесетінін жеткізген еді. Келер жылы облыстық бюджеттен 23 миллион теңге бөлініп, бұл қаражатқа мүмкіндігі шектеулі жандарды тасымалдайтын сужаңа автокөлік сатып алынбақ. Бұған қоса, биыл орталықтың электр энергиясымен қамту проблемасын шешуге 45 миллион теңге бөлінгені де белгілі болды. Сонымен бірге мекеме ішіндегі тұрмыстық техника тұтастай жаңартылып, кабинеттер мен бөлмелерге жөндеу жүргізілген екен.

 

 

 

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу