ШҚО музейлеріндегі құнды материалдардың 60 пайызы цифрлық форматқа көшірілді
ШҚО-да мәдениет ұйымдарын цифрландыру жүйелі түрде жүзеге асуда. Қазіргі кезде барлық 9 музей мен кітапханалар интернет желісіне қосылып, келушілерге онлайн ақпараттық ресурстар ұсынып, заманауи ақпараттық-мәдени орталық қызметін атқаруда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Театр мен филармонияларда билеттерді онлайн сату жүйелері енгізіліп, көрермендерге ыңғайлы әрі ашық қызмет көрсету мүмкіндігі қамтамасыз етілді. 2025 жылы 44 541 билет сатылып, оның 3893-і қолма-қол ақшасыз төленген, бұл төлем үлесінің 8,7 пайызын құрайды.
Сонымен қатар музейлер мен кітапханалардағы сирек және құнды материалдар цифрландырылып, 300 459 материалдың 182 917-сі цифрлық форматқа көшірілді. Бұл жалпы қордың 60,9 пайызын құрайды.
Цифрландыру мәдениет ұйымдарының ақпаратқа қолжетімділігін арттыруға, ұлттық мұраны сақтау мен келер ұрпаққа жеткізуге, сондай-ақ халыққа көрсетілетін қызмет сапасы мен тиімділігін жақсартуға мүмкіндік беріп отыр.