KZ
Өскемен
+20°
ясно жел 3 м/с, З
479.05 534.57 5.17

Есірткі саудасы белең алған өңірлер аталды

Фото: egemen.kz

14.09.2023, 17:23 213

Биыл қаңтар-тамыз айларында есірткі қылмысына қатысты 1,3 мың құқықбұзушылық тіркелген.

Energyprom.kz дерегінше, бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 8,7% жоғары, деп хабарлайды Altaynews Қазақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде ҚР ҚК № 297-бабы «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу» бойынша 1,3 мың құқық бұзушылық тіркелді.

Өңірлер бойынша Алматыда ең көп құқық бұзу фактісі тіркелді: 184 жағдай, былтырғы жылмен салыстырғанда 53,3%-ға көп. Осындай өңірлердің бестігіне Астана қаласы (101 жағдай, өткен жылмен салыстырғанда 17,2%-ға аз), Қостанай (94 жағдай, плюс 38,2%), Жамбыл (81 жағдай, минус 22,9%) және Солтүстік Қазақстан облыстары (78 жағдай, плюс 5,4%) кіреді.              

Мұндай қылмыстық құқық бұзушылық Түркістан және Ұлытау облыстарында аз тіркелді: әрқайсында 19 жағдай ғана.

Биыл сегіз ай ішінде 413 адам есірткіге мас немесе токсикомания күйде құқық бұзған. Өткен жылмен салыстырғанда 16,9%-ға аз.

Осындай күйде қылмыс істеген адамдар әсіресе Батыс Қазақстан облысында көп ұсталған: 59 адам, бір жыл бұрын 91 болған. Үштік қатарында Ақмола (47 адам) және Ақтөбе (45 адам) облыстары бар. Ең төменгі көрсеткіш Қостанай облысында тіркелді: 3 адам. Бір жыл бұрын да солай болған.

Есірткі сату және осыған ұқсас қылмыстар бойынша көш бастап тұрған Алматының өзінде есірткіге мас немесе токсикомания күйде құқық бұзған 16 адам ұсталды, былтыр 9 адам тіркелген еді.

Есірткіге мас күйде тәртіп бұзғандардың 63,7%-ы, яғни 263 адам (былтырғы көрсеткіштен 16%-ға аз) есірткі құралдарын заңсыз пайдалану кезінде ұсталды. Олардың мақсаты сату болмаған.

Одан кейінгі орында жүргізуші куәлігінен айырылған адамның көлік айдауы (50 адам) және есірткіні сату мақсатында заңсыз дайындау және сақтау (46 адам) қылмыстары тұр.

Есірткіге мас немесе токсикомания күйінде құқық бұзған адамдардың тек екеуі (былтыр біреу болды) кәмелетке толмаған. Екі жасөспірім де есірткі пайдаланып жатқан кезінде ұсталды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив