Катарлық инвесторлар Қазақстанның ауыл шаруашылығына 500 млн доллар салады
Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Катарға сапары аясында мемлекеттер арасындағы ауыл шаруашылығы секторындағы әріптестік туралы, оның ішінде инвестициялық әріптестік туралы бірқатар келісімдерге қол қойылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпараты бойынша, катарлық инвесторлар Қазақстандағы өсімдік шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге инвестиция салуға ниетті.
Сонымен қатар, Катарда ауыл шаруашылығын дамыту, құрылыс және инфрақұрылымдық даму, денсаулық сақтау және білім беру саласындағы Стратегиялық инвестициялық серіктестік туралы келісімге қол қойылды.
Айта кетейік, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров ауыл шаруашылығы секторына инвестициялар тартуға және әріптестікті дамытуға бағытталған бірқатар кездесулер өткізді.
Катар мемлекеті муниципалитетінің министрі Абдулла бен Хамад бин Абдулла әл Аттиямен кездесу барысында саладағы, атап айтқанда, Катарға қой еті мен дәнді дақылдарды жеткізу жөніндегі стратегиялық мақсаттар мен жоспарлар талқыланды.
2024 жылы Қазақстан Катарға қой етінің экспортын екі есеге арттыруға ниетті.
Дәнді дақылдарға келетін болсақ, ведомство басшылары Катарға Иран арқылы тасымалдау жайын талқылады.
Айжанат Бақытқызы