5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бас демеушісі белгілі болды
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі дирекция «Alageum Electric» компаниялар тобымен екіжақты меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
Меморандум негізінде «Alageum Electric» 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ресми бас демеушісі болып танылды.
Шараға 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі дирекция басшысы Наиль Нұров пен «Alageum Electric» КТ директорлар кеңесінің төрағасы Еркебұлан Ілиясов қатысты.
Ұлттық спорт түрлерін қолдау және оларды одан әрі дамыту жөніндегі жұмысты жүйелеу мақсатында биыл «Ұлттық спорт түрлерін қолдау қоры» қоғамдық қоры құрылды.
«Alageum Electric» электротехника компаниясы туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевтың тікелей мұрындық болуымен 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын қолдауға ниет білдірді. Бұл маңызды қадам компанияның ұлттық спорт түрлерін қолдау және дамыту жолындағы адалдығын, сонымен қатар әлеуметтік жауапкершілігін, халықтың тарихи мұрасына деген құрметін көрсетеді.
Естеріңізге сала кетейік, этникалық спорт түрлерінен өткізілетін халықаралық спорт жарыстары – 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 8-13 қыркүйек аралығында Астана қаласында өтеді. Іс-шарада 89 елден 2000-нан астам қатысушы болады деп жоспарлануда. 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бас демеушісі – Alageum Electric, ойындардың бас серіктесі – Halyk Bank. Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында барлығы 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.