Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ШЫҰ саммитінде таныстырылды
Бірқатар әлем елдерінің лидерлері Астанада өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының сессиясына жиналып жатыр. 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары жылдың маңызды саяси шарасынан тыс қалған жоқ.
Саммиттің ресми жиыны талқыланатын Бейбітшілік және келісім сарайында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі дирекция шетелден келген қонақтарға ойындарды таныстыру мақсатында «Ұлы даладағы кездесу» тақырыбында көрме қойылымын дайындады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Сондай-ақ ШЫҰ сессиясы өтетін ғимараттарда ойындардың ресми промороликтері орналастырылды және дирекция өкілдері шетелдік қонақтарға ойындар туралы ақпаратпен бөлісіп, ұлттық нақышта безендірілген арнайы таныстырылым бұрышында дирекция өкілдері шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарына арнайы сұхбаттар легін ұйымдастыруда.
Сонымен қатар 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясы 5 шілдеде Qazaqstan жеңіл атлетика кешенінде шетелдік дипломаттар мен ШЫҰ-да тіркелген журналистер үшін ойындармен кеңірек таныстыру мақсатында арнайы шара өткізеді.
Айта кетерлігі, 8-13 қыркүйекте Астана қаласында этникалық спорт түрлерінен өткізілетін халықаралық спорт жарыстары – 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Іс-шараға 89 елден 2 мыңнан астам адам қатысады. Ойындарда 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.