5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бас демеушісі - Halyk Bank
![](/kz/uploads/posts/2024-06/izobrazhenie-whatsapp-2024-06-06-v-15_25_29_ec331db3.webp)
Бүгін Қазақстан Республикасының Үкімет үйінде 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі Ұйымдастыру комитеті мен Halyk Bank арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Ынтымақтастық туралы келісімге ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитетінің төрағасы Роман Скляр және Hayk Bank АҚ басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова қол қойды.
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу Дирекциясы баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, қол қою рәсіміне Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев және Дирекция басшысы Наиль Нұров қатысты.
«Бұл келісім 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының маңыздылығын арттырып, мемлекет пен бизнес арасындағы әріптестікті нығайтады. Бас серіктес ретінде Halyk Bank Астанада өтетін көшпенділер ойындарын ұйымдастыру ісіне айтарлықтай қолдау көрсетеді»,-делінген хабарламада.
Өз сөзінде Роман Скляр: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көшпелі өркениеттің мұрасын халқымыздың басты брендтерінің бірі деп атады. Бұл мұраны біз Астанадағы ойындар кезінде жаһандық деңгейде танытуымыз керек»,- деп мәлімдеді.
Роман Склярдың пікірінше, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бас серіктесі ретінде еліміздегі қаржы саласының көшбасшысы – Halyk Bank-тің таңдалуы орынды. Банк қаржылық қызмет көрсетуші ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік жобаларды белсенді түрде іске асырып отырған жауапты мекеме.
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Астанада 8-13 қыркүйек аралығында өтеді. 21 спорт түрін қамтыған додалы жарысқа әлемнің 85 елінен 2000-нан аса спортшы қатысады деп күтілуде.