2025 жылы мүгедектігі бар адамдар 427 мыңнан астам қызметті онлайн алды
pixabay.com
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың басынан бері мүгедектігі бар адамдарға арналған Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 427 мыңнан астам тапсырыс орындалды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Атап айтқанда, шамамен 319 мың адам оңалтудың техникалық құралдарын (ОТҚ) алды. Сонымен қатар, 8,3 мың адам – ымдау тілі қызметін, 25,5 мың адам – жеке көмекшінің қызметін, ал 74,3 мың адам санаторийлік-курорттық емдеу қызметін пайдаланған.
Бұл порталдың басты артықшылығы – мүгедектігі бар адамдар өзіне қажет құралдар мен қызметтердің өндірушісі мен жеткізушісін өздері таңдай алады. Қызметті алу үшін электрондық цифрлық қолтаңба арқылы онлайн тапсырыс беріледі. Ал тапсырыс берілген құралдарды жеткізіп алу немесе өздігінен әкету мүмкіндігі бар.
Оңалту құралдарының қатарына протездік-ортопедиялық бұйымдар, сурдотехникалық және тифлотехникалық жабдықтар, гигиеналық құралдар, сондай-ақ кресло-арбалар кіреді.
Қазіргі таңда порталға:
- 629 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуші,
- 1036 техникалық құрал жеткізушісі,
- 32 мыңнан астам жеке көмекші,
- 749 ымдау тілі маманы,
- 133 санаторийлік-курорттық емдеу мекемесі тіркелген.
Порталды пайдалану бойынша сұрақтар туындаса, азаматтар 1414 бірыңғай байланыс орталығына хабарласып, толық кеңес ала алады.