Биыл ШҚО-да мүмкіндігі шектеулі жандар 323 мың әлеуметтік қызмет алған
depositphotos.com
2025 жылы Шығыс Қазақстан облысында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға 323 мыңнан астам әлеуметтік қызмет көрсетілген. Бұл көрсеткіштер ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сүйеніп, Altainews.kz тілшісі хабарлайды.
Атап айтқанда, Портал арқылы 246,3 мың тапсырыс – техникалық оңалту құралдарына (ТОҚ), 7,7 мың – ымдау тілі қызметіне, 24,4 мың – жеке көмекшінің қызметіне, 45,3 мың – санаторий-курорттық ем алуға бағытталған.
Әлеуметтік қызметтер порталы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға оңалту құралдары мен қызмет түрлерін өз бетінше таңдап, қажет өнімді тікелей өндіруші немесе жеткізушіден алу мүмкіндігін береді. Қызметке тапсырыс электрондық цифрлық қолтаңба арқылы расталады, ал алынған құралдар жеке барып немесе үйге жеткізу арқылы алынады.
Техникалық оңалту құралдарына протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдар, сондай-ақ мүгедектерге арналған арбалар кіреді.
Қазіргі таңда порталда 680 әлеуметтік қызмет жеткізушісі, 981 ТОҚ жеткізуші, 31 мыңнан астам жеке көмекші қызметін ұсынушы, 761 ымдау тілі маманы, 130 санаторий-курорттық емдеу орны тіркелген.
Порталды пайдалану бойынша кеңес алу үшін 1414 нөміріне хабарласуға болады.
Дмитрий Чжан