Техникалық құралдар мен жаңа мүмкіндіктер: ШҚО-да инклюзия дамып келеді
pixabay.com
Облысымызда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көрсетілетін әлеуметтік қызметтер көлемі жыл сайын артып келеді. Осы жылдың алғашқы жартысында 323 мыңнан астам қызмет көрсетіліп, бұл саладағы оң өзгерістер мен цифрлық шешімдердің тиімділігін айқын байқалуда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынған мәліметке сүйенсек, жыл басынан бері Шығыс Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі жандарға 323 мыңнан астам түрлі әлеуметтік қызмет көрсетілген. Бұл – өңір бойынша ерекше қажеттілігі бар азаматтарға деген қамқорлық пен қолдаудың маңызды көрсеткіші.
Аталған қызметтердің басым бөлігі арнайы Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы рәсімделген. Нақтырақ айтсақ, 246,3 мың тапсырыс техникалық оңалту құралдарына берілген, 24,4 мың жеке көмекшінің қызметіне, 7,7 мың ымдау тілі қызметіне, 45,3 мың санаторий-курорттық емделуге жолданған.
Яғни, бұлар – тек қызмет көлемі емес, әр адамның тұрмысына тікелей әсер ететін нақты көмек түрлері. Әсіресе, техникалық оңалту құралдарына сұраныстың жоғары болуы мүгедектігі бар азаматтардың күнделікті өмірін жеңілдетуге бағытталған нақты қажеттіліктерді көрсетіп отыр.
Цифрлық мүмкіндіктердің дамуы әлеуметтік қызметтердің де сапасын арттырып отыр. Бүгінде socialservice.kz порталы арқылы әр азамат өзіне қажетті құрал не қызмет түрін таңдап, тікелей өндірушіден немесе жеткізушіден ала алады. Барлық процесс электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы расталып, адам факторының қатысуы барынша азайтылады.
Одан бөлек, қажетті құралдар үйге жеткізілу немесе жеке барып алу мүмкіндігімен ұсынылады. Бұл әсіресе қозғалысы шектеулі жандар үшін өте тиімді шешім болып отыр.
Техникалық оңалту құралдары дегеніміз – мүгедектігі бар азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға арналған арнаулы жабдықтар. Оларға протездік-ортопедиялық бұйымдар, сурдотехникалық құралдар (есту қабілеті төмен жандарға арналған), тифлотехникалық құралдар (көру қабілеті шектеулі жандарға арналған), гигиеналық құралдар, арнайы мүгедек арбалары және тағы басқалар енеді.
Мұндай жабдықтарсыз өмір сүру өте қиын, кейде тіпті мүмкін емес. Сондықтан мұндай көмектердің уақытылы көрсетілуі – мемлекет үшін маңызды әлеуметтік міндет.
Порталда тіркелген жеткізушілер саны – бұл жүйеге деген сенім мен сұраныстың дәлелі. Қазіргі кезде елімізде 680 әлеуметтік қызмет көрсетуші, 981 техникалық оңалту құралдарын жеткізуші, 31 мыңнан астам жеке көмекші, 761 ымдау тілі маманы, 130-ға жуық санаторий-курорттық мекеме жұмыс істейді.
Мұндай ауқымды қамту көрсеткіші әрбір мүмкіндігі шектеулі азаматтың қажеттілігіне дер кезінде жауап беруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл жұмыс орындарын құру мен экономиканы қолдаудың да бір тетігі болып отыр.
Порталдың тағы бір артықшылығы – қолжетімділік. Қандай да бір сұрақтар немесе техникалық қиындықтар туындаған жағдайда 1414 байланыс орталығына хабарласуға болады. Онда арнайы мамандар барлық сұрақтарға жауап беріп, порталмен жұмыс істеу бойынша нақты нұсқаулықтар береді.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға жасалатын жағдай – қоғамның өркениеттілігінің басты көрсеткіші. Елімізде әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын сақтау мақсатында мемлекет тарапынан нақты шаралар қабылдануда. Соның ішінде Шығыс Қазақстан облысы бұл бағытта айтарлықтай белсенділік танытып отыр.
Мәселен, соңғы жылдары өңірде қолжетімді ортаның кеңеюі, инклюзивті білім беру мен жұмыспен қамту бағытындағы жобалар белсенді іске асырылып келеді.