2025 жылы 9,5 мыңнан астам қандас Қазақстанға оралды
gov.kz
Жыл басынан бері елге келген қандастардың ішінде ең көбі Өзбекстаннан – 45,7%, одан кейін Қытайдан – 41,8%, Түрікменстаннан – 4,6%, Моңғолиядан – 2,7%, Ресейден – 2,6% және басқа елдерден – 2,6%, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
2025 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша этникалық қоныс аударушылардың 58,7%-ы – еңбекке қабілетті жастағылар, 32,3%-ы – еңбекке қабілетті жастан кіші балалар, ал 9%-ын зейнеткерлер құрайды. Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінде 15,4%-ы – жоғары білімді, 29,7%-ы – орта кәсіптік білімді, 52,3%-ы – жалпы орта білімді, ал 2,6%-ының білімі жоқ.
Этникалық қазақтар елдің түрлі өңірлеріне қоныстандырылды. Еңбек күші тапшы өңірлер ретінде Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары белгіленген. Осы өңірлерде қандастарды қабылдауға арналған 2025 жылғы квота 2 309 адамды құраса, 1 қыркүйекке дейін бұл аймақтарға 1 467 қандас қоныс аударды.
Қоныстандыру өңірлеріне келген қандастарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, көшуге арналған біржолғы субсидия – отағасына және әрбір отбасы мүшесіне 70 АЕК (275,2 мың теңге), сондай-ақ тұрғын үй жалдауға және коммуналдық төлемдерге бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК көлемінде (58,9 мыңнан 117,9 мың теңгеге дейін) төленеді.
Жыл басынан бері 594 қандасқа түрлі әлеуметтік қолдау көрсетіліп, оның ішінде 237 адам тұрақты жұмысқа орналасты.
Сондай-ақ ерікті қоныс аударуды ынталандыру мақсатында жұмыс берушілерге арналған қосымша институционалдық шаралар қабылданды. Солтүстік өңірлерге қоныс аударған қандастарға тұрғын үй сатып алу немесе салу, ипотекалық қарыздың бастапқы жарнасын жабу үшін біржолғы қайтарымсыз негізде экономикалық ұтқырлық сертификаты беріледі. Бұл қолдау көлемі тұрғын үй құнының 50%-ына дейін немесе бір отбасыға 4,56 млн теңгеге дейін жетеді.