ТЖД мамандары көпқабатты үйлерде тексеру жүргізді – Өскемен
Фото: gov.kz
ШҚО ТЖД мамандары Өскемен қаласының Сәтбаев даңғылында орналасқан көпқабатты үйлерде кең ауқымды профилактикалық рейд ұйымдастырды. Облыс орталығында биіктігі 28 метрден асатын 33 үй бар көрінеді.
Мамандар тұрғындарға өрттің алдын алу мен тұрмыста орындау қажет ережелер туралы ақпарат жеткізді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Сонымен қатар өрт және жер сілкінісі сынды төтенше жағдай кезіндегі іс-қимыл ережелерін түсіндірді.
– Биік үйлердің тұрғындары назар аударуы керек маңызды ереже – автосатыларды немесе көтергіштерді орнатуға және бұруға арналған алаңды бөгемеу. Балкондар мен лоджияларды қоршауға жанғыш материалдарды қолданбау қажет. Пәтердің және тұрғын бөлменің балконы мен лоджияларында тез тұтанатын жанғыш сұйықтықтарды, жарылғыш заттарды, газ баллондарын сақтауға болмайды. Есікті өздігінен жабуға арналған құрылғылардың, дабыл құрылғыларының және адамдарға өрт туралы хабар беретін жүйенің, түтін люктерінің, крандардың жұмысқа жарамды күйде екенін тексеру қажет. Электр желісін шамадан тыс жүктемеу қажет, – дейді ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Серік Амангелдин.
ШҚО ТЖД мамандары алдағы уақытта көпқабатты үйлерді аралап, тұрғындарға және қызмет көрсететін ұйымның төрағасына өрт қауіпсіздігі мәселелерін түсіндіреді.
Оқи отырыңыз