Балалардың жазғы демалыстағы қауіпсіздігі талқыланды – ШҚО
Фото: gov.kz
ШҚО ТЖД қызметкерлері Білім басқармасы ұйымдастырған балалар қауіпсіздігі жөніндегі семинарға қатысып, ой бөлісті. "2023 жылғы жазғы демалыс кезеңінде балалардың жазғы демалысын, сауықтырылуын және ойын-сауығын ұйымдастыру жөніндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету" атты облыстық семинарда сан сала мамандары бас қосып, басты мәселені талқылады. Пікірталаста қоғамдық бірлестіктердің басшылары мен өкілдері, қала сыртындағы сауықтыру лагерьлерінің директорлары да өзекті мәселелерді қозғады.
Балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өскелең ұрпаққа қауіпсіздік мәдениетін үйрету – ШҚО ТЖД-нің басым мақсаттарының бірі. Мамандар бұл мәселе әсіресе шомылу маусымы басталғанда аса өзекті болатынын жеткізді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Жиынға қатысушылар жазғы демалыс орындарында және қала сыртындағы лагерьлерде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, судағы қауіпсіздік ережелерін орындау, жарақаттанудың алдын алу мәселелерін талдады.
ШҚО ТЖД лагерьдегі іс-қимыл ережелерін еске салып, жалпы санитарлық-гигиеналық нормаларды, су айдынындағы іс-қимыл ережелерін бұлжытпай орындау керектігін, кез келген жидекті, жемісті жеуге болмайтынын ескертеді. Сонымен қатар үй-жайларда, лагерь аумағында және жорықтарда от жағуға тыйым салынатыны сынды өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзбауға шақырды. ТЖД лагерь аумағы жанғыш материалдардан, құрғақ шөптен тазартылуы тиіс екенін жеткізді.
Төтенше жағдай кезінде «112» нөміріне хабарлау қажет.