KZ
Өскемен
+1°
небольшой снег жел 2 м/с, ОБ
494.87 520.65 4.91

Шығыста құсбегілік өнер қанатын кеңге жайып келеді

Фото: Аяужан Утеулинова

23.02.2024, 18:30 135 Қызырбек Дүргінбайұлы

Қолына қыран қондырған құсбегілер ел ішін аралап, әр өңірде кездесулер өткізіп жүр. Оның да өзіндік себебі бар. Себебі, биыл ШҚО-ның Ұлан ауданына қарасты Бозанбай ауылында бүркітшілер орталығы ашылмақ. Осыған орай биылғы ХVІІ республикалық бүркітшілер чемпионаты ШҚО-да өткен болатын.

Биыл ШҚО-ға әлемге әйгілі бүркітші Айшолпан Нұрғайыпқызының отбасы көшіп келіп, Бозанбай ауылына қоныстанған. Айшолпан алдағы уақытта Бозанбай ауылында ашылатын бүркітшілер орталығын дамытуға атсалыспақ. Сондықтан да Шығыстың құсбегілері әр жерде кездесулер өткізіп, өңір тұрғындарына құсбегіліктің ерекшелігін насихаттап жүр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Мұндағы түпкі мақсат – түз тағысын туризмге тетік ету. Ал ШҚО-ның кез келген ауданында туризмге тетік болар табиғат, өзіндік ерекшелік бар. Құсбегілер осының бәрін орайластыра отырып құсбегілікті жұртқа насихаттап жүр. Жуықта өңірдің бүркітшілері Өскеменнің бірнеше мектебінде және Риддер қаласында кездесулер өткізді. Алдағы уақытта да бірқатар кездесу жоспарлап отырғандарын айтты.

– Біз бір ғана құсбегілер орталығын ашумен шектеліп қалумауымыз керек. Қыран құсты туризмге тетік ету үшін жалпақ жұрт бүркіт туралы білуі, шеттен келген туристерге таныстыра алатындай болуы керек. Неғұрлым құсбегілер көп болса, оның насихаты жоғары болады. Сондықтан да біз бүркітшілер орталығының ашылғанын күтіп отырмай әр жерде кездесулер өткізіп, жұртқа қыран құсты насихаттай бастадық, – дейді атақты бүркітші Айшолпанның әкесі Нұрғайып Ырысұлы.

Айта кетейік, биыл ШҚО-да еліміздің және шетелдің құсбегілері екі рет бас қосты. Қыстың басында Бозанбай ауылында Халықаралық бүркітшілер фестивалі өтсе, ақпан айында ХVІІ республикалық бүркітшілер чемпионатының жалауы желбіреді.

Бірнеше жылдан бері дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан бүркітшілер тойының нәтижесінде өңірімізден жас құсбегілер де шығып келеді. Солардың бірі – Маркс Айзере есімді бүркітші қызға ендігі кезекте Шығыс жұрты үлкен үміт артып отыр. Осылай облыста жыл санап бүркітшілер саны арта түссе, Алтай –  бүркітшілер мекені деген байырғы даңқын арттыра түспек.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу