Риддер жұртшылығы бүркітшілермен кездесті
Құсбегілік федерациясының Шығыс өңіріндегі филиалы ұлттық спорттың мәртебесін асқақтатып келеді. Облыс әкімі Ермек Көшербаевтың қолдауымен қыстың басында халықаралық бүркітшілер фестивалі ұйымдастырылса, күні кеше Бозанбай ауылында ел чемпионаты өтті.
Бұл жолы бүркітшілер Алтайдың төменгі сілеміндегі Риддер тұрғындарымен кездесіп, құсбегілік өнердің ерекшелігін елге паш етіп қайтты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Кездесудің өтуіне ақын, депутат Нұртай Тілеужанұлы дәнекер болып, әлемге әйгілі бүркітші Айшолпан Нұрғайыпқызының әкесі құсбегі Нұрғайып Ырысұлын да ертіп барған. Қала әкімінің шақыруын қабыл алған бүркітшілер қырандарын да кездесуге ала барған.
Осылайша құсбегілер жиналған жұртқа қыран құстың қасиеті мен киесі туралы әңгімелеп, бабалардан бері жалғасып келе жатқан бұл спорт түрін дамыту ұрпақ үшін керек екендігін тілге тиек етті.
Айта кетейік, биылғы қыста облысымызда екі реті қансонар өткен болатын. Сондай-ақ облыс әкімі Бозанбай ауылында бүркітшілер орталығы ашылатынын да айтқан еді. Ал ертең құсбегілер С.Аманжолов атындағы ШҚУ студенттерімен кездеспек.