Бозанбайда республикалық бүркітшілер чемпионаты өтеді
Соңғы жылдары ұлттық спорт пен өнерге көңіл бөлініп, қолдау көрсетіліп келеді. Соның бір дәлелі ШҚО-да Ұлттық спорт федерациясының ұйымдастыруымен құсбегілердің ХVІІ республикалық чемпионаты басталды.
Бүркітшілер чемпионаты Ұлан ауданының Бозанбай ауылында 8-11 ақпан аралығында өтеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бозанбай ауылында осы қыстың басында бүркітшілер фестивалі өткен болатын. Осылайша биыл Ұлан жерінде құсбегілер екінші рет қырандарын сайыстырғалы отыр.
Бүркітшілер чемпионатының бағдарламасында 8 ақпан төрешілер отырысы өтіп, жеребе тартылатыны көрсетілген. Ал 9 ақпан күні чемпионатттың салтанатты ашылу рәсімі өтсе, 10 ақпан күні ителгі, қаршыға қолға шақыру болады. Ақпанның 11-і күні ақтық бәсеке өтіп, жеңімпаздар марапатталады.
Айта кетейік, бұған дейін ШҚО әкімі Бозанбай ауылында бүркітшілер орталығы ашылатынын айтқан болатын. Сонымен қатар, әлемге әйгілі бүркітші Айшолпан Нұрғайыпқызының отбасы да Бозанбай ауылына қоныс аударған болатын.