Күршімдіктер «таксилете» берсе автобуссыз қалады
Шартты сурет: istockphoto.com
Былтыр маусым айынан бастап Өскемен - Күршім бағытында автобус маршруты ашылған болатын. Автобус екі ортаға қараша айына дейін, яғни паром тоқтағанға дейін жүріп келді.
Көктемде Паром қатынасы жолға қойылған соң Күршімге қайтадан автобус жүреді. Алайда болашақта бұл бағыттағы автобус тоқтап қалуы әбден мүмкін, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Күршімге баратын автобус билетінің бағасы небары 2,5 мың теңге тұрады. Себебі ол бюджеттен субсидия түрінде қосымша қаржыландырылып отыр. Былтыр осы бағытқа облыстық бюджеттен 23 млн теңге бөлінген. Бүгінде Күршім жаққа баратын және ол жақтан қалаға келетін жолаушылар қысы-жазы таксиге 4000 теңге көлемінде ақша төлеп жүр.
Өткен жылы облыс аудандарына қатынайтын жолаушы тасымалы бағыттарын субсидиялауға 400 млн теңге бөлінген. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Айжан Рахимбаева Күршім ауданына баратын автобусқа жергілікті тұрғындардың сирек отырып келе жатқандығын айтады. Қалаға баратын, қаладан қайтатын жолаушы жоқ емес, көп. Бірақ, тұрғындардың көпшілігі таксимен жүргенді жөн көреді. Кей күндері автобус екі-үш жолаушымен ғана жүріп, тасымал иесін шығынға батырған көрінеді.
Жанаргүл Мұқатай