Шығыс Қазақстанда ірі есірткі зертханасы жойылды
Фото: depositphotos.com
Шығыс Қазақстанда ірі есірткі зертханасы жойылды: тәркіленген есірткі құны 3,5 млрд теңгеден асты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ШҚО прокуратурасына сілтеме жасап.
Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасының үйлестіруімен ҰҚК департаменті синтетикалық есірткі өндірумен айналысқан заңсыз зертхананың қызметін тоқтатты. Зертхананы еуропалық бір елдің азаматтары ұйымдастырған. Заңсыз айналымнан 125 кг астам «мефедрон» тәркіленді, бұл – 630 мың рет қолданылатын доза.
Сонымен қатар 500 литр прекурсорлар мен тәулігіне 30 кг синтетикалық есірткі өндіруге мүмкіндік беретін жаңа буын зертханалық құрал-жабдықтар тәркіленді.
Тәркіленген есірткілердің қара нарықтағы жалпы құны 3,5 млрд теңгеден асады. Соттың санкциясымен екі шетелдік азамат қамауға алынды. Қазіргі уақытта ҚР ҚК 297-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Тергеу мүддесіне байланысты басқа ақпарат жарияланбайды.