Шығыста шығарылатын ірімшік байқаудың жүлдесін жеңіп алды
Қазан айының бірінші жартысында Ақтауда, Орталық Азия кеңістігінде тұңғыш рет ірімшік өндірушілер үшін маңызды Халықаралық “CHEESE OPEN 2024” конкурсы өтті. Аталған іс-шараға Шығыс Қазақстан облысынан "Восток-Молоко" Корпорациясы" ЖШС қатысып, халықаралық байқауда ұсынылған барлық ірімшіктердің ішінен “Өнеркәсіптік дайындалған ірімшіктер” санатында алтын жүлдеге ие болды,- деп хабарлады Altainews.kz тілшісі.
Дәмді ірімшік өндірушілер арасындағы байқауға Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Франция, Нидерланды, Алжир, Австралия, Беларусь, Әзірбайжан, Грузия елдерінің ірімшік өндірушілері және Франциядан келген қонақтар қатысты. Сондай-ақ, Халықаралық ірімшік жасаушылар гильдиясының Президенті Ролан Бартелеми қатысты.
CHEESE OPEN 2024 байқауы - әлемнің түкпір-түкпірінен келген өндірушілер үшін өздерінің кәсібилігі мен өнім сапасын көрсетуге бірегей мүмкіндік. Байқау 2025 жылдың қыркүйегінде Францияда өтетін әлем чемпионаты мен MONDIAL DU FROMAGE 2025 дүниежүзілік ірімшік салонының іріктеу туры болып табылады. Байқау 2 кезеңде өтті, бірінші кезеңде қазылар алқасы 300 астам өнімді бағалады.
Өнімді халықаралық білікті қазылар алқасы қатаң әлемдік стандарттар бойынша бағалап, жеңіп алған наградалардың беделін арттырды.
Бірінші күні ұсынылған 340 ірімшік түрінен 16 елдің сарапшылары 10 үздігін таңдап, медальдар табыстады. Екінші күні үздік ондықтың ішінен сарапшылар әр санат бойынша жеңімпаздарды таңдады. «Өнеркәсіптік дайындалған ірімшіктер» санатында «Восток-Молоко» Корпорациясының «КАЧКАВАЛ» деген атаумен танымал ірімшігі жеңісті олжалады.
Осылайша, "Восток-Молоко" Корпорациясы” ЖШС Қазақстандағы осы номинацияны жеңіп алған алғашқы және жалғыз өнеркәсіптік кәсіпорын болып отыр. Сондай-ақ, кәсіпорын ірімшіктері: МААСДАМ ірімшігі күміс медальді, ПАРМЕЗАН ірімшігі қола медальді, ГОЛЛАНДСКИЙ ірімшігі де қола медальді қанжығалады.