Зайсанда экономиканы әртараптандыру арқылы инвестициялық ахуалды жақсарту көзделуде
Зайсан ауданындағы жолдарды дамыту мен өнеркәсіп саласына қолдау көрсету ағымдағы жылы айтарлықтай кеңейтілуде. Облыс әкімінің бастамасымен 2024 жыл Шығыс Қазақстан облысында "Жол жылы" деп жарияланды. Бұл шара шеңберінде Зайсан ауданының жолдарын қаржыландыру екі есе артып, 1,2 млрд. теңге бөлінді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Ауданда жалпы ұзындығы 50,7 км болатын жолдар мен көшелер жөнделуде. Оның ішінде «Омбы-Майқапшағай-Шілікті-Ақжар» бағытындағы жолдың 12,5 км орташа жөндеуден өткізілді. Ал аудандық маңызы бар жолдардың 12 км бөлігі жөнделіп, елді мекендердегі 26,2 км көше ретке келтірілді.
Сондай-ақ, 2025 жылы бұрынғы Сәтпай әскери әуе айлағының орнында жаңа әуежай салу жоспарланып отыр. Бұл жоба «Қазаэронавигация» РМК есебінен 20 млрд. теңге көлемінде қаржыландырылмақ.
Президенттің тапсырмасына сәйкес, Зайсан ауданының өнеркәсіптік әлеуетін толық пайдалану және өңірдің инвестициялық ахуалын жақсарту басты назарда. Ауданда өнеркәсіптің жалпы көлемі 5,3 млрд. теңгеге жетті. Оның 54,8 пайызын тау-кен өндірісі құрап отыр. Зайсандағы тау-кен өндірісінің негізгі бағыты — табиғи газ өндіру, бұл жалпы өнімнің қомақты мөлшерін - 88,6 пайызын құрайды.
Өңдеу өнеркәсібі аудан дамуы көрсеткішінің ширек бөлігін құрайды, бүгінде ол 1,3 млрд. теңгені алып отыр. Зайсандық өнімнің басым бөлігін азық-түлік өндірісі қамтамасыз етуде. Бұл салада газдалған және газдалмаған сусындар шығаратын «ARNNA MINERALS» ЖШС, сүт қабылдау және қайта өңдеу жұмыстарын жүргізетін «Шығыс АС» ЖШС, сондай-ақ құрылыс материалдары өндіретін «СМУ-Шығыс» ЖШС мен «Зайсан құрылыс компаниясы» ЖШС қызмет атқаруда және бүгінде олар дүйім жұртқа танымал.
Зайсан ауданында жалпыұлттық инвестициялық жобалар пулы аясында құны 7,4 млрд. теңгені құрайтын екі ірі жоба іске асыру жоспарланып отыр. «Eurotransit Terminal» ЖШС жүзеге асыратын «Майқапшағай» көлік-логистикалық орталығының құрылысы 2026 жылы аяқталмақ. Ал «Amazing Zaisan Travel» ЖШС жоспарлаған «Saur Tau» демалыс базасында 2 қабатты корпус салу келесі жылдың соңына дейін тәмамдалады деп күтілуде.
Бұл жобалар өңірдегі туризмді дамытуға және аудан экономикасын әртараптандыруға ықпал етпек. Зайсанның табиғаты мен пайдалы қазбалары туризм, қайта өңдеу мен агроөнеркәсіптік кешенді дамыту арқылы ауданның экономикалық болашағына үлкен мүмкіндік береді.
Төлеуғазы Жансая