Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында Қатонқарағай, Зайсан және Кендірлі өңірлерінің туристік әлеуетін дұрыс пайдалану қажет екенін еркеше атап өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
«Осындай демалыс аймақтарында сапасы жоғары жол инфрақұрылымы бар әуе бекеттері мен әуежайлар салу керек. Өнеркәсіпті дамыту қорының есебінен кіші авиация ұшақтарын алған жөн», деді Тоқаев. Президенттің Жолдауын қуана қабылдаған Зайсан ауданының халқы, алдағы уақытта өңірдің туристік әлеуеті одан әрі артып, әлеуметтік, экономикалық жағдайына тың серпін беретініне сенім мол деп отыр.
Бұл қадам аймақтың экономикалық дамуына және халықаралық туристерді тартуға мүмкіндік береді.
– Зайсан ауданының туристік әлеуетін дамыту заманауи көлік инфрақұрылымын, оның ішінде жолаушылар мен жүк тасымалдауға қабілетті әуежайлар желісін құрмайынша мүмкін емес. Президент Жолдауындағы тезистерге сәйкес, Зайсанда жаңа әуежай салу осы мақсаттарға қол жеткізудің негізгі элементі болып табылады.Қазіргі уақытта Зайсандағы қолданыстағы әуежай азаматтық авиация талаптарына сай келмейді және айтарлықтай қайта құруды қажет етеді. Бұл аэродром стратегиялық тұрғыдан тиімді орналасқан, ол халықаралық көлік-логистикалық хабты құруға және Қазақстан мен көршілес елдердің негізгі туристік және экономикалық аймақтарымен тікелей әуе қатынасын орнатуға мүмкіндік береді. Зайсанда жаңа әуежай салу ауданның көлік қолжетімділігін жақсартып қана қоймай, Зайсан, Тарбағатай және оларға жақын орналасқан аудандардың табиғи көрікті жерлерінің туристік әлеуетін толық ашуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Зайсан ауданының әкімі Аэлита Ахметсәлімқызы.