KZ
Өскемен
-5°
снег жел 6 м/с, ОШ
519.28 540.05 5.31

ШҚО-да «Құмаш Нұрғалиев – Халық ұстазы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

Кеше, 14:00 350 Төлеуғазы Жансая

Биыл КСРО Халық мұғалімі, тарихта аты аңызға айналған Құмаш Нұрғалиевтің туғанына 100 жыл толады. Осы атаулы күнге орай Өскемен қаласындағы Абай атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінде «Құмаш Нұрғалиев – Халық ұстазы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Облыстық білім басқармасы, Кәсіптік білім беру орталығы және Абай атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің жанындағы республикалық «Білім беру» бейіні бойынша оқу-әдістемелік бірлестігі ұйымдастырған шараға техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының оқытушылары қатысты.

Педагогтардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту, инновациялық тәсілдер бойынша тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылған конференция тек білім саласындағы бірегей тұлғаның еңбегін ұлықтау ғана емес, сонымен қатар педагогика саласының маңызды мәселелерін талқылауға арналған алаң болды.

«Ұстаз Құмаш Нұрғалиевтің өмірінің өзі – ерлік. Оның өмірі мен қызметі өз ісіне, халқына, педагогикаға қызмет етудің жарқын үлгісі болды. Идеялары мен еңбегі әлі де шабыттандырып, жас ұрпақ үшін бағдар ретінде қызмет етіп келеді. Бұл шара Құмаш Нұрғалиұлын еске алып, педагогика саласына қосқан үлесін атап өтуге тамаша мүмкіндік», – деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Алима Ақылбекқызы.

Шарада Нұрғалиевтер педагогикалық әулетінің өкілі, ұстаздың қызы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Гүл Құмашқызы және Абай атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің директоры Фархад Құрманов ұстаздың өнегелі өмірі мен еңбегі жайлы мазмұнды баяндама жасап, қызы әкесі жайлы жылы естеліктерімен бөлісті.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасының алғашқы қадамдары Боран ауылында жасалған сияқты. Шалғайдағы ауылда типтік мектеп 1972 жылы салынды. Көлемі 8 мың шаршы метр, автоматтандырылған үш экраны бар 200 орындық акт залы, үш спорт залы, жаттығу залы, жазғы спорт кешені және 60 метрлік ату тирі бар. Жаңа мектептің салынуы бірнеше мәселені шешті. Үш ауысымда білім алған шәкірттер бір ауысымға ауыстырылды және республикада алғаш рет оқытудың кабинеттік жүйесі жүзеге асырылды. Мектеп кешені бірнеше корпустан тұрды. Бас ғимаратта 4-10 сыныптар білім алса, бастауыш сыныптар бөлек ғимаратта оқыды. Үшінші корпус дене тәрбиесі мен музыка пәніне арналса, келесі ғимаратта шеберханалар орналасқан. Осының өзінен ұстаздың көрегендігін, жаңашылдығын, мамандығына деген адалдығын аңғаруға болады», – деді Фархад Құрманов.

Айта кетейік, ұстаз 31 жыл бойы Марқакөл ауданы Боран ауылында мектепті басқарды. 1989 жылы мектепке «Халық мұғалімі Құмаш Нұрғалиевтің мектеп-гимназиясы» атағы берілді.

Өскемен қаласының №43 мектеп-лицейіне Құмаш Нұрғалиевтің есімі берілді. Сонымен қатар, Құмаш Нұрғалиев атындағы Жоғары колледж бүгінде түрлі бағыттар бойынша мамандар даярлауда.

Конференцияның жұмысы «Қ. Нұрғалиевтің педагогикалық идеялары мен мұралары», «Білім берудегі инновациялық ізденістер: цифрлық технология мүмкіндіктері» және «Ұлттық құндылықтар – тәрбие негізі» бағыттары бойынша жалғасты.

Конференция аясында барлығы 200 баяндама ұсынылды. Оның ішінде 42 оқытушының шығармашылық жұмысы іріктеуден өтті. Шара соңында үздік баяндама ұсынғандар І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталды.

Айжанат Бақытқызы

Фото: Жәнібек Ырысбай

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу