ШҚО-да тағы бір ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді
Шығыс Қазақстан облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен 2019 жылғы 22 қарашада Өскемен қаласында «Рухани жаңғырудағы ономастикалық кеңістік: жетістіктері мен болашағы» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Мақсаты – мемлекеттік тіл саясатын насихаттау, тарихи топонимдер туралы мәліметтерді жинақтау, жүйелеу және біріздендіру.
Ғылыми-тәжірибелік конференцияға ғалымдар, тарихшы-өлкетанушылар, зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік органдар мен мекемелер қызметкерлері, студент жастар, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысады.
Ғылыми-тәжірибелік конференцияның пленарлық мәжілісінде Қазақстан ономастикасының өзгеру динамикасы, географиялық зеттеулердегі қолданбалы топонимиканың орны және Шығыс Қазақстан мен Солтүстік Қазақстан облыстарындағы жер-су атауларының танымдық сипаты мәселелері талқыланады.
Пленарлық мәжілістен соң конференцияға қатысушылар «Ономастика бойынша қолданыстағы заңнамалар: мәселелері мен шешу жолдары», «Рухани жаңғыру және ономастика» атты екі секцияға бөлініп жұмыс істейді.