Алтай ауданында этномәдени диалог алаңы өтті
1 наурыз күні Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толды. Осы уақыт ішінде Ассамблея қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісінің негізіне айналды.
Осы мерейтойға орай Алтай ауданындағы №9 орта мектепте «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл: тәжірибе мен жетістіктер» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға этномәдени орталықтардың өкілдері, сондай-ақ Катонқарағай, Үлкен Нарын және Самар аудандарынан арнайы шақырылған делегациялар қатысты.
Жиында Алтай ауданы әкімінің орынбасары Жанна Аскарова ҚХА-ның елдегі бейбітшілік пен татулықты сақтаудағы рөліне тоқталды.
Алтай ауданы Достық үйінің директоры Елена Филимонова Ассамблея жұмысының мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындауға бағытталғанын атап өтті. Оның ішінде біртұтас ұлт қалыптастыру, қоғамдық келісімді сақтау және этносаралық байланыстарды нығайту мәселелері бар.
Дөңгелек үстелде отбасының қоғамдағы маңызы, ұлттық салт-дәстүрлердің ұрпақтар сабақтастығындағы рөлі, жастардың өмірлік ұстанымдарын қалыптастыру сияқты тақырыптар талқыланды. Қатысушылар Ассамблеяның ел дамуына қосқан үлесін жоғары бағалап, оның алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.