Өскеменде студент түрмеге алты смартфон лақтырмақ болған

pixabay.com
Өскемен қаласындағы жоғары оқу орындарының бірінде оқитын студент түрме аумағына тыйым салынған заттарды – бірнеше смартфонды жеткізбек болған. Аталған оқиға 8 сәуір күні №17 түзеу мекемесінің аумағында тіркелді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қауіпсіздік шарасы барысында Ұлттық ұланның 6699 әскери бөлімінің кинологы, сержант Темірбек Губайдуллин «Тор» есімді қызметтік итімен бірге мекеме маңындағы аумақты патрульдеп жүргенде қоршаудың сырт жағынан тыйым салынған зат лақтырмақ болған азаматты байқап, оны бірден қолға түсірген.
Тексеру барысында күдікті азаматтың түрме ауласына «Samsung», «Huawei» және «Oppo» маркалы алты ұялы телефонды кіргізуге әрекеттенгені анықталды. Оның бұрын сотты болмағаны, әрі 2005 жылы туған Өскемен қаласындағы жоғары оқу орындарының бірінің 3-курс студенті екені белгілі болды.
Күдікті өз әрекетін ақшалай сыйақы үшін жасағанын мойындаған. Сонымен қатар, ол аталған телефондарды нақты кімге жеткізбек болғанын да айтқан. Тәркіленген заттарға қатысты акт толтырылып, олар күзет бөліміне тапсырылды.
Аталған жағдай бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі