Түрме аумағына бірнеше смартфон лақтырмақ болған азамат ұсталды — ШҚО
Фото: ҚР ҰҰ «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі
Бүгін сағат 15:30 шамасында Өскемен қаласының №16 түзеу мекемесіне қоршаудың сыртқы жағынан ішке қарай белгісіз зат лақтыруға тырысты деген күдікпен К. есімді азамат ұсталды. Оны тыйым салынған аймақтың бірін бақылап жүрген сол мекеменің қызметкерлері мен 6699 әскери бөлімінің бақылау қызметінің взвод командирі ұстаған.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің дерегінше, тексеру барысында ұсталған азамат сотталғандарға SIM-картасы бар бірнеше смартфон лақтырмақ болғаны анықталды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Тыйым салынған заттар жедел түрде тәркіленіп, акт толтырылып, құзырлы органдарға тапсырылды.