24 мыңнан астам өтінім сырттай форматта қаралды: мүгедектікті рәсімдеу жеңілдей түсті
Қазақстанда мүгедектік тобын белгілеу процесін жеңілдетуге бағытталған жаңа пилоттық жоба сәтті жүзеге асуда. 2025 жылдың басынан бастап медициналық-әлеуметтік сараптама (МӘС) жүргізудің сырттай форматы арқылы ел аумағындағы 24,5 мың өтінім қаралды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Министрлік хабарлағандай, бұл бастама ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға барынша қолайлы жағдай жасауды көздейді. Қазіргі таңда сырттай куәландыру 30 нозологиялық нысан бойынша жүзеге асырылып отыр. Ал 2024 жылы 96,9 мыңнан астам өтінім сырттай рәсімделген, бұл куәландырылған барлық өтінімнің 37,4%-ын құрайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысында мүгедектігі бар адамдардың қызмет көрсету процесінде орынсыз бюрократиялық кедергілерге ұшырамауын және олар үшін инстанциялар арасында жүруді болдырмауды тапсырған болатын. Осыған сәйкес ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Денсаулық сақтау және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерімен бірлесіп елдің барлық 20 өңірінде пилоттық режимде сырттай куәландыру жүйесін енгізді.
Сырттай куәландыру қалай жүргізіледі?
Мүгедектік тобын белгілеу үшін азамат тек тұрғылықты жері бойынша емханаға барып, қажетті тексерулерден өтеді. Қалған барлық процесс ақпараттық жүйелердің интеграциясы арқылы автоматты түрде жүзеге асады, өтініш берушінің қатысуын талап етпейді.
Бұл жаңашылдықтың артықшылықтары:
- Әкімшілік және бюрократиялық кедергілерді азайтады;
- МӘС шешімдерінің ашықтығын қамтамасыз етеді;
- Азаматтардың үйден шықпай-ақ қызмет алуына мүмкіндік береді;
- Қызмет беруші мен алушы арасындағы тікелей байланысты болдырмай, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетеді.
Жоба қоғам тарапынан оң бағаланып, әлеуметтік қызметтерге деген сенімді арттыруға ықпал етуде. Жақын болашақта бұл тәжірибе толық форматта енгізіліп, мүгедектігі бар жандар үшін өмір сүру сапасын арттыратын маңызды қадам болмақ.