ШҚО-да карантинге байланысты 2324 азаматтың мүгедектігі ұзартылды
Шығыс Қазақстан облысындағы 2020 жылғы 1 шілдедегі ақпарат бойынша, өңірде 56 688 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген.
Бұл туралы ШҚО ақпараттық орталығында өткен брифинг барысында еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің ШҚО бойынша департаментінің медициналық-әлеуметтік сараптама саласының орынбасары м.а Ғалия Сабырбаева мәлім етті.
- Шілде айында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 268 бұйрығы қабылданды. Соған сәйкес мүгедектік мерзімін 3 айға ұзарту автоматты түрде жүргізілуде. Бүгінгі күні аталған механизм бойынш ШҚО-да 2324 азаматтың мүгедектігі ұзартылды. Бұл шара мемлекеттік мекемелерде адамдардың жаппай жиналмауы мен коронавирустың кеңінен таралмауына жол бермеу мақсатында ұйымдастырылуда, - деді Ғалия Сабырбаева.
Елімізде мүгедектерді куәландыру карантин шаралары аяқталғанға дейін электронды үкімет порталында жүргізіледі. Мүгедектікті және еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін, сондай-ақ жеке оңалту іс-шараларының бағдарламасын автоматты түрде ұзарту, қайта куәландыру мерзімі шектеу шараларына сәйкес келген жағдайда, яғни 12 мамыр мен 31 шілде аралығындағы уақытқа сәйкес келген жағдайда мүгедектік топ 3 ай созылады. Егер мүгедектік алғаш рет белгіленген болса, ол азамат электронды үкімет порталына кіріп өтініш бере алады. Сонымен қатар 16 және 18 жасқа толған мүгедек балаларға қатысты сырттай куәландыру қарастырылған.