24 мыңнан астам мүгедектік белгілеу өтінімі сырттай қаралды

2025 жылы басталған мүгедектік тобын белгілеу бойынша сырттай медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу жөніндегі пилоттық жоба аясында Қазақстанның барлық өңірлерінен 24,5 мың өтінім қаралды. Қазіргі кезде сырттай сараптама 30 нозологиялық форма бойынша жүргізілуде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы осы формат аясында 96,9 мыңнан астам өтінім қаралып, бұл жалпы куәландырылған мүгедектігі бар адамдардың 37,4%-ын құрады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысында Мемлекет басшысы ерекше қажеттіліктері бар адамдарға барынша қолайлы жағдай жасауды, олардың түрлі мекемелерге баруын, қағазбастылыққа ұшырауын болдырмауды, сондай-ақ қызмет көрсетушілер мен қызмет алушылар арасындағы тікелей байланысты азайтуды тапсырған болатын.
Осы тапсырманы іске асыру мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Денсаулық сақтау, сондай-ақ Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерімен бірлесіп, Қазақстанның 20 өңірінде сырттай медициналық-әлеуметтік сараптама (МӘС) жүргізу бойынша пилоттық жобаны енгізуде.
Мүгедектік тобын белгілеу қызметін алу үшін өтініш беруші тұрғылықты жері бойынша емханаға барып, қажетті тексерулерден өтсе жеткілікті. Барлық басқа процестер оның қатысуынсыз, ақпараттық жүйелерді интеграциялау арқылы жүзеге асырылады.
Сырттай куәландырудың артықшылықтары:
- Әкімшілік және бюрократиялық кедергілерді жою;
- МӘС сараптамалық шешімдерінің ашықтығын қамтамасыз ету;
- Үйден шықпай-ақ мүгедектік белгілеу және әлеуметтік қорғау шараларын алу мүмкіндігі;
- Қызмет алушы мен қызмет көрсетушінің тікелей байланысын болдырмау, бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады.
Дмитрий Чжан