KZ
Өскемен
+20°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, Ю
511.92 588.91 6.44

ШҚО-да найзағай, бұршақ, қатты жел және аптап ыстық күтіледі

Фото: pixabay.com

22.05.2025, 19:00 175 Гульжан Мусина

«Қазгидромет» ШҚО филиалының мәліметінше, облыстың батысы мен солтүстігінде найзағай ойнап, бұршақ жаууы мүмкін. Желдің екпіні секундына 15-23 метрге дейін жетуі ықтимал. Ал облыстың оңтүстігінде күн қатты ысиды – ауа температурасы 35 градусқа дейін көтеріледі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Өрт қаупі де жоғары болып отыр. Оңтүстік-шығыста аса жоғары, ал оңтүстік-батыста жоғары өрт қаупі сақталады. Өскеменде де найзағай мен бұршақ күтіледі. Күндіз желдің екпіні 15-20 м/с дейін жетуі мүмкін.

Мамандар тұрғындарға қауіпсіздік шараларын сақтауды ескертеді. Найзағай кезінде үйде болған жөн, терезе мен есікті жауып, электр құралдары сөндірілуге тиіс. Көшеде металл заттардан, биік орындар мен электр өткізетін жерлерден аулақ болған дұрыс. Қатты жел тұра қалса, электр сымдарына, тербеліп тұрған заттарға жақындамау керек. Ағаш астына немесе аялдамалар артына да тығылуға болмайды.

Аптап ыстықта күннің ең қатты қызатын уақыты – сағат 11:00 мен 17:00 аралығында – далада ұзақ жүрмеген дұрыс. Көлеңкеде жиі болып, асықпай қозғалыңыз, денеге артық күш салудан аулақ болыңыз. Мамандар суға тек рұқсат етілген, арнайы жабдықталған жағажайларда ғана шомылуға кеңес береді. Балаларды қараусыз қалдырмау, мас күйде суға түспеу де аса маңызды.

Бұл күндері үй маңын тазартамын дегендер шөп пен қамысты өртемеу керек, тоқтату мүмкін болмай қалу ықтимал. Салалық мамандар үйлер мен саяжайлар маңында да от жағудан сақ болуға шақырады. Машинадан темекі тұқылы мен әйнек лақтыру да жағдайды ушықтыруы мүмкін. Саяжай аумақтарында өрт сөндіруге арналған қарапайым құралдар болғаны жөн.

Төтенше жағдай туындаса, 112 нөміріне қоңырау шалу шарт.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу