Мәдениет саласының үздіктері марапатталды (видео)
Өскемен қаласындағы Сол жағалау музей-қорық кешенінде Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара өтті. Ашық аспан астында өткен бұл мәдени шара барысында Шығыс Қазақстан облысына қарасты ауыл, аудан және қала мәдени ошақтарының үздік қызметкерлері марапатталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев өңір басшысының құттықтауын жеткізіп, мәдениет саласының маңыздылығына тоқталды.
Бүгінде Шығыс Қазақстан облысында 170 кітапхана мен клуб, сондай-ақ 6 музей халыққа қызмет көрсетуде. Мерекелік шара барысында ел сүйіспеншілігіне бөленген әншілер мен әртістермен қатар, кітапхана мен мәдениет үйлерінің қызметкерлері де марапатталып, алғыс хаттарға ие болды.
Өңірдің рухани өміріне сүбелі үлес қосып жүрген азаматтардың құрметіне концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Кеш барысында «Экстази» шоу-балеті, Шығыс Қазақстан облыстық драма және опера-оперетта театрының әртістері, сондай-ақ Халық әртістері Абдуллиндер атындағы ШҚӨУ-дің «In coro» вокалдық тобы өнер көрсетті. Сонымен қатар Шығыс Қазақстан өнер мұражайының көркемөнер көрмесі, қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі мен фотокөрме көпшілік назарына ұсынылды.









