Зайсан ауданында инфрақұрылым кешенді жаңартылып жатыр
Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында инфрақұрылым жүйесін жан-жақты дамыту жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
2025 жылы бірнеше бағытты қамтитын ауқымды жобалар қолға алынған. Бұл туралы Зайсан ауданының әкімі Аэлита Ахметсәлімқызы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім етті.
Аудан бойынша жалпы ұзындығы 16,1 шақырым болатын автожолдар мен көшелерді жөндеуге 515,5 млн теңге бөлінді. Қазіргі таңда «Зайсан–Жаңатұрмыс–Шүршітсу» бағытындағы тасжолдың 12 шақырымы жөнделуде. Сонымен қатар, Біржан мен Сарытерек ауылдарының ішкі көшелері жаңартылуда.
Аудан тұрғындарының 78 пайызы немесе 27,7 мың адам газбен қамтылған. Қазір Дайыр, Көкжыра, Қуаныш, Біржан, Сарытерек, Жарсу, Бақасу және Саржыра ауылдарына газ құбырын тарту жобасы әзірленуде. Бұл көрсеткішті 93 пайызға дейін арттыру жоспарланып отыр. Сараптама қорытындысы алынған соң, әкімдік Энергетика министрлігіне қаржыландыру жөнінде өтінім жолдайды.
Бүгінде Зайсан ауданының барлық 33 елді мекені 100% таза ауыз сумен қамтылған. Ауыл шаруашылығы саласында да ілгерілеу бар: Үйдене су қоймасын қайта жаңғырту және Кендірлік өзенінде жаңа су қоймасын салуға дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобалар 22 мың гектар егістік жерді тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, 113 шақырым ішкі шаруашылық су арналарының қалпына келтірілуі көзделіп отыр.
Байланыс пен интернетке қолжетімділікті арттыру бағытында да жұмыстар атқарылып жатыр. 2024 жылы Шілікті, Жалшы және Жанатұрмыс ауылдарында үш антенна-діңгек станциясы орнатылды. Сонымен қатар, 16 мектепке Starlink спутниктік интернеті қосылды. Республикалық маңызы бар жол бойында тағы екі 45 метрлік антенна салу жобалануда. Бұл — жол бойындағы ұялы байланыс мәселесін шешуге бағытталған маңызды қадам.
Сондай-ақ Зайсан қаласындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын рекультивациялау және жаңа полигон салу көзделуде. Ауылдық елді мекендерде арнайы полигондардың болмауы және жыл сайын жиналатын 6 мың тонна қоқыс көлемі осы жобаның өзектілігін арттырып отыр.
Фото: Жібек Нұрахмет













