KZ
Өскемен
-7°
облачно с прояснениями жел 7 м/с, ОШ
516.93 542.52 4.98

Зайсан ауданында көлік инфрақұрылымы қалай дамып жатыр? 

Фото: pexels.com

9.12.2015, 17:54 8 Гульжан Мусина

Бүгінгі таңда елді мекендердің көлік инфрақұрылымын жетілдіру – өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуының басты бағыттарының бірі. Зайсан ауданы үшін бұл салада оң өзгерістер мен маңызды жобалар жүзеге асырылуда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.   

Ағымдағы жыл «Жол жылы» деп жарияланғандықтан, өңірлік және аудандық жолдарды жақсарту үшін бұрын-соңды болмаған көлемде қаржыландыру бөлінді. Бұл шаралар тек жолдарды жөндеумен шектелмей, туристік және көлік-логистикалық мүмкіндіктерді арттыруға да бағытталған. 

Ағымдағы жылы облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды жөндеу үшін бөлінген қаржы көлемі екі есеге артты. Барлығы 31,5 млрд теңге көлеміндегі қаражатқа 600 шақырым жол мен көше жөндеуден өтуде. Оның ішінде туристік объектілерге баратын маршруттар бойынша 121 шақырым жол жаңартылмақ. 

Зайсан ауданына арнайы бөлінген 1,2 млрд теңге қаражатқа 50,7 шақырым жол мен көшелер жөнделіп жатыр. Бұл жұмыстар облыстық, аудандық маңызы бар жолдарды және елді мекендердің көшелерін қамтиды. 

– Облыстық маңызы бар жолдар бойынша Омбы – Майқапшағай – Шілікті – Ақжар жолының 12,5 шақырымы орташа жөндеуден өтуде. Бұл жобаға 354,8 млн теңге бөлініп, 2025 жылы толық аяқтау жоспарланған. 

Аудандық маңызы бар жолдар бойынша Зайсан – Жаңатұрмыс – Шүршітсу тас жолының 12 шақырымы орташа жөндеуден өтіп жатыр. Бұл жұмысқа 180 млн теңге қарастырылған, әрі жоба 2025 жылға дейін жалғасады. 

Елді мекендердің ішкі көшелерін жөндеуде де ауқымды жұмыстар атқарылуда. Облыстық бюджет қаражаты есебінен Зайсан қаласының 12 шақырым көшесі жөнделіп, оған 348,6 млн теңге жұмсалды, – дейді ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділов.

«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Қайнар, Қуаныш, Шалқар және Жалши ауылдарының 5,8 шақырым көшесіне 242,3 млн теңге қаражат бөлінді. 

Аудандық бюджет қаражатына Айнабұлақ, Біржан, Қуаныш, Кеңсай, Көгедай және Шілікті ауылдарының 8,4 шақырым көшесіне 84,3 млн теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. 

2025 жылы Зайсан ауданында маңызды стратегиялық нысанның бірі – жаңа әуежайдың құрылысы жоспарланып отыр. Бұл жоба бұрынғы Сәтпай әскери әуеайлағының орнында жүзеге асырылады. Алдын ала есептеулер бойынша, жобаның құны 20 млрд теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстары «Қазаэронавигация» РМК қаражаты есебінен қаржыландырылмақ. Қазіргі уақытта құрылысқа қажетті жер учаскесі резервке қойылып, оны «Қазаэронавигация» мекемесінің теңгеріміне беру мәселесі дайын тұр. 

Бұл әуежайдың іске қосылуы ауданның көлік-логистикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, туризм саласына да жаңа серпін бермек. Ауданға келуші туристер үшін әуе көлігі маңызды әрі ыңғайлы инфрақұрылым элементіне айналады. 

Зайсан ауданының көлік инфрақұрылымын дамыту бағытындағы ауқымды жұмыстар аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға зор мүмкіндік береді. Жолдардың сапасын арттыру, елді мекендердің қолжетімділігін қамтамасыз ету және жаңа әуежай салу арқылы ауданның ішкі және сыртқы байланысы нығаяды. 

Бұл шаралар туристік әлеуетті арттырып, аудан тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартады. Көлік инфрақұрылымын жетілдіру – тек қана жол салу емес, бұл өңірді дамытуға арналған маңызды қадам. Осы бастамалардың жүйелі түрде іске асырылуы Зайсанның алдағы жылдары экономикалық және әлеуметтік дамуының кепілі болмақ. 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу