2-5 шілде аралығында еліміздің көптеген өңірінде ауа райы құбылмалы сипат алады. "Қазгидромет" мамандарының болжамына сәйкес, кейбір аймақтарда жауын-шашын мен найзағай, бұршақ, екпінді жел болады, ал оңтүстік пен оңтүстік-шығыста аптап ыстық сақталып, температура +46°C-қа дейін көтерілуі мүмкін. Мұндай құбылмалы ауа райы өрт қаупін айтарлықтай арттырып отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Атап айтқанда, шілде айының басында республика аумағының басым бөлігінде ауа райына циклон және онымен байланысты атмосфералық фронтальды бөліктер ықпал етеді. Соның салдарынан көптеген өңірде найзағай ойнап, жаңбыр жауып, бұршақ түсуі мүмкін. Ал оңтүстік пен оңтүстік-шығыс аймақтарда жауын-шашын болмайды, күн ыстық болады. Ауа температурасы түнде +25…+30°C аралығында болса, күндізгі уақытта +40…+46°C-қа дейін көтерілуі ықтимал. Бұл өңірлерде төтенше өрт қаупі сақталады. Сонымен қатар жел күшейіп, кей жерлерде шаңды дауыл тұрады.
Ұлытау облысында күннің +35…+38°C-қа дейін ысуы күтіледі. Жезқазған қаласында +35°C аптап болады. Облыстың кейбір бөлігінде жоғары деңгейдегі өрт қаупі сақталады. Жамбыл облысында таулы аймақтарда найзағай ойнап, жел екпіні 15–20 м/с-ке дейін жетуі мүмкін. Таразда +38°C аптап болады. Бұл аймақта да өрт қаупі өте жоғары. Қостанай облысында батыс пен солтүстік бөлігінде найзағай ойнап, ал оңтүстігінде +35°C аптап пен жауын-шашынсыз күн райы күтіледі. Мұндай жағдай да өрт қаупін арттырады.
Солтүстік Қазақстан облысында тұман түсіп, найзағай болады. Петропавл қаласында түнгі уақытта көріну қиындап, оңтүстік бөлікте өрт қаупі сақталады. Алматы, Жетісу және Түркістан облыстарында күннің +35…+42°C аралығында ысуы болжануда. Әсіресе Түркістан өңірінде аптап ыстықпен қатар төтенше өрт қаупі бар. Қызылорда облысында ауа температурасы +40…+41°C-қа дейін көтеріліп, өте жоғары өрт қаупі күтіледі.
Атырау және Маңғыстау облыстарында ауа температурасы күндіз +25…+33°C-тан +30…+38°C-қа дейін біртіндеп жоғарылайды. Бұл өңірлерде де жел күшейіп, шаңды дауылдар болуы мүмкін. Ақтөбе, Павлодар, Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында найзағай, екпінді жел мен бұршақ болжануда. Бұл аймақтарда да көптеген аудандарда өрт қаупі сақталып отыр.
Ал Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында 2-5 шілде аралығында ауа райы күрт құбылып, найзағай, бұршақ және қатты жел соғуы мүмкін. Өрт қаупі әсіресе өңірдің оңтүстік бөліктерінде жоғары деңгейде болады. 4-5 шілдеде аталған өңірлерде бұршақ аралас қатты нөсер жауын күтіледі. Осы күндері еліміздің солтүстік-батыс, солтүстігі мен шығысында да жауын-шашын күшейіп, найзағаймен қатар бұршақ түсуі мүмкін.
Солтүстік және орталық өңірлерде ауа райы салыстырмалы түрде салқынырақ болады. Онкүндіктің басында күндізгі температура +25…+35°C аралығында болса, кейіннен +18…+23°C-қа дейін төмендеуі мүмкін. Шығыс өңірде ең ыстық кезең онкүндіктің ортасына сәйкес келіп, ауа температурасы +30…+38°C аралығында болады. Шілденің ортасы мен соңына қарай Қазақстанның батысы, оңтүстігі, оңтүстік-шығысы және орталық бөлігінде ауа температурасы +33…+42°C-қа дейін көтерілсе, еліміздің ең қиыр оңтүстігінде +46°C-қа дейін аптап ыстық болуы ықтимал. Салқын күндері температура +23…+28°C аралығында болады. Шілде айының соңында Шығыс өңірлерде температура түнде +15…+23°C-тан +7…+12°C-қа дейін, ал күндіз +32…+39°C-тан +18…+23°C-қа дейін ауытқуы мүмкін.
«Қазгидромет» мамандары осындай күрт құбылмалы ауа райына байланысты азаматтарды сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырып отыр. Күн астында ұзақ болмауға, орман және дала алқаптарында от жақпауға, сонымен қатар төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет етуге дайын болу қажеттігі ескертіледі.