KZ
Өскемен
-21°
небольшая облачность жел 1 м/с, С
498.65 589.06 6.49

ШҚО-да биыл 28 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады

22.07.2025, 17:00 237 Әбішев Ержан

Шығыс Қазақстан облысында халықты нәтижелі жұмыспен қамту шаралары жүйелі түрде жүзеге асуда. Облыс бойынша жұмыссыздық деңгейі – 4,6 пайыз. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ШҚО еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Досхан Қайырғазинов мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл облыста халықты жұмыспен қамтудың өңірлік картасы бекітіліп, 28 631 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған. Оның ішінде 19 447 адам тұрақты, ал 9 184 адам уақытша жұмыс орындарымен қамтылмақ. Жыл басынан бері 10 877 адам жұмысқа орналасқан.

– Жұмыссыз азаматтарды қолдау мақсатында 5 918 субсидияланатын жұмыс орны құрылып отыр. Сонымен қатар 850 адамды қысқа мерзімді кәсіптік оқыту көзделген. Бүгінде 2 643 жұмыс берушінің базасында 3 968 адам субсидия арқылы жұмыспен қамтылды. Бұл мақсатқа 2,6 млрд теңге бөлінді, – деді Досхан Қайырғазинов.

Жұмыс іздеушілер үшін Электрондық еңбек биржасы жұмыс істейді. Қазір портал арқылы облыста 2 629 бос жұмыс орны ұсынылған.

Сонымен қатар жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру үшін «Еңбек жолы» және «Парыз» республикалық байқаулары ұйымдастырылуда. 21 шілдедегі мәлімет бойынша «Еңбек жолына» 58 өтінім, «Парызға» 38 өтінім (35 кәсіпорыннан) қабылданған.

Мамандарды жұмыспен қамту бағытында түлектерге арналған жәрмеңкелер, мансап күндері мен workshop-платформалар өткізілуде. Атап айтсақ, «Мамандығым – мақтанышым» жобасы мен «Шығыс маманы» атты облыстық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі – осы бағыттағы нақты қадамдардың бірі.

Аймақта еңбек нарығының сұранысына сай мамандарды жұмысқа тарту шаралары алдағы уақытта да жалғасын табады.

Фото: Екатерина Семина

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу