ШҚО-да 30 мыңға жуық адамды жұмысқа орналастырады

Фото: Шығыс ақпарат
2023 жылы ШҚО-да жұмыспен қамту саласындағы барлық қолданыстағы жобалар есебінен 29,9 мың адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз брифингінде жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Динара Қожанова мәлімдеді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
– ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының 2022 жылға арналған мәліметтері бойынша, ШҚО-да жұмыссыздық деңгейі – 4,7%, жастар арасындағы жұмыссыздық – 3,9%. Ал, 1 сәуірдегі жағдай бойынша, өңірде 6560 адам жұмысқа орналастырылған, – деді Динара Қожанова.
Сондай-ақ ол биыл 29,9 мың адамды жұмысқа орналастыру жоспарланып отырғанын және жұмыспен қамтудың негізгі 6 құралын атап өтті.
– Азаматтарды жұмысқа орналастыру бірнеше бағдарлама бойынша жүзеге асырылады. Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында 10 мың еңбекке қабілетті халыққа 100 жұмыс орнын құру; кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасының (бұрынғы «Еңбек» бағдарламасы) белсенді шаралары аясында; қолданыстағы Ұлттық жобалардың 192 инфрақұрылымдық жобасы аясында; облыс кәсіпорындарында/ұйымдарында жаңадан құрылған бос жұмыс орындары аясында; шағын несиелендіру аясында ҚРЕжХӘҚМ мен Ауыл шаруашылығы министрлігі желілері арқылы және халықтың әлеуметтік осал топтарына гранттар беру арқылы, – дейді жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары.