Жастарға жаңа мүмкіндік: логистика, әуе тасымалы, су көлігін пайдалану мамандығы қолжетімді
Шығыс Қазақстан облысында 2025–2026 жаңа оқу жылы бірқатар жаңалықтармен басталады. «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында өңір колледждерінде сұранысқа ие жаңа мамандықтар ашылмақ. Олардың қатарында ұшқышсыз әуе жүйелерін басқару, әуе тасымалдарын ұйымдастыру, логистика, су көлігін пайдалану сияқты бағыттар бар, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұл мамандықтарға 290 мемлекеттік грант бөлінді. Жалпы облыста 38 колледж бар. Олар 101 түрлі мамандық бойынша кадр дайындайды. Қазір колледждерде 19 мыңнан астам студент оқиды. Оның ішінде 16 мыңнан астамы (83,8%) мемлекеттік тапсырыс бойынша тегін білім алуда.
Колледждер өңірдегі 900-ден астам кәсіпорынмен әріптестік орнатқан. Сол кәсіпорындардың тапсырысына сай 2 575 студент мақсатты даярлықтан өтуде. Бүгінге дейін олардың 306-сы оқуын тәмамдап, 271 түлек тұрақты жұмыспен қамтылған.
Кәсіби тәжірибені арттыру үшін дуалды оқыту жүйесі енгізілген. Яғни студент оқуын тек теорияда ғана емес, өндірісте де қатар алып жүреді. Бұл жүйе қазір 27 колледжде жүзеге асуда. 448 кәсіпорын дуалды оқытуға қатысып, 5 мыңға жуық студент қамтылған.
Жаңа оқу жылында сегіз колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Олардың қатарына Өскемен құрылыс-техникалық колледжі, Өскемен жоғары политехникалық колледжі, Өскемен көпсалалы технологиялық колледжі, Шығыс Қазақстан көпсалалы колледжі, Технология және сервис колледжі, Глубокое аграрлық колледжі, Самар аграрлық-техникалық колледжі және Үлкен Нарын колледжі кіреді.
2025–2026 оқу жылына студенттерді тегін оқытуға арналған мемлекеттік тапсырыс 7 130 орынды құрады. Бұл былтырғыдан 7%-ға көп. Оның ішінде 980 орын нақты жұмыс берушілердің сұранысына сәйкес бөлініп отыр. Колледждерге құжат қабылдау 27 тамызға дейін жалғасады.








