KZ
Өскемен
+20°
гроза жел 3 м/с, ОШ
511.92 588.91 6.44

ШҚО: Аттестатпен бірге диплом алып жатыр

Фото: vlast.kz

22.05.2025, 13:00 151 Жанаргүл Көкенайқызы

Мектеп пен колледжді қатар тәмамдаған оқушылар еңбек нарығына ерте араласуға мүмкіндік алуда. Шығыс Қазақстанда мектеп оқушыларын кәсіптік бағытқа ерте бейімдеуге арналған республикалық эксперименттік жоба табысты жүзеге асып жатыр. 2024–2025 оқу жылында облыстың 4 колледжінде осы жоба аясында білім алған 149 оқушы мектеп аттестатымен қатар колледж дипломын да алғалы отыр.

Бір жыл бұрын басталған бұл бастама өз тиімділігін көрсетіп үлгерді. Өткен жылдың желтоқсан айында алғашқы 48 түлек «Дәнекерлеу ісі», «Тігін ісі және модельдеу», «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандықтары бойынша диплом алып шықты.

— Бұл жоба оқушыларға мектеп қабырғасынан-ақ нақты кәсіп иесі болуға мүмкіндік береді. Олар түске дейін жалпы білім беру бағдарламасы бойынша мектепте оқиды, ал түстен кейін кәсіби пәндерді колледжде меңгереді, — дейді облыстық білім басқармасының мамандары.

Жаңа 2025–2026 оқу жылында тағы 101 оқушы мектеп пен колледжді қатар оқуды бастамақ.

Бүгінде облыста 38 колледж жұмыс істейді. Онда 101 мамандық бойынша 19 966 студент білім алуда, оның 16 747-сі — мемлекеттік тапсырыс негізінде.

Бизнес пен колледж арасындағы байланыс нығайып келеді
Кәсіптік білім беруді дамытуға бизнестің де қызығушылығы артып отыр. 2023–2024 оқу жылында 30 кәсіпорын колледждерге шефтік қолдау көрсетсе, алдағы оқу жылында олардың саны 203-ке жетпек. Колледждер мен өндіріс орындарының өзара әріптестігі студенттерді дуальды оқыту жүйесі арқылы нақты тәжірибеге баулуға мүмкіндік беруде.

Қазіргі таңда облыстың 27 колледжінде 448 кәсіпорынмен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан дуальды оқытумен 5 047 студент қамтылған (өткен жылы – 3 908 студент). Ал 20 колледжде өңірдің 155 кәсіпорнының сұранысы бойынша 2 575 студент мақсатты түрде маманданып жатыр.

2025 жылы өңірдегі колледждерді 5 038 студент аяқтайды деп күтілуде. Ал 2025–2026 оқу жылына техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына 7 130 мемлекеттік тапсырыс орны бөлінбек. Бұл — өткен жылмен салыстырғанда 500 орынға артық.

Өндірістік тәжірибе — нақты табыс
976 әлеуметтік серіктес кәсіпорынмен тығыз байланыста жұмыс істеп отырған колледждер жыл сайын 4 000-нан астам студентті өндірістік тәжірибеге жібереді. Бұл тәжірибе барысында студенттер 130 мыңнан 200 мың теңгеге дейін еңбекақы алады.

— Бұл жоба оқушылар үшін үлкен мүмкіндік. Ерте жастан мамандық меңгерген жастар еңбек нарығында сұранысқа ие болады. Ең бастысы — оқуын жалғастыру немесе бірден жұмысқа тұру жолдарын еркін таңдауға жағдай жасалады, — дейді сала мамандары.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу