Қазақстандағы колледждер сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін оқытатын болады
![](/kz/uploads/posts/2025-02/pexels-yury-kim-181374-585418.webp)
pexels.com
Биылғы жылдан бастап Қазақстандағы барлық кәсіптік-техникалық колледждерде сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін білім алуға мүмкіндік беріледі. Бұл бастама еңбек нарығын қажетті кадрлармен қамтамасыз етуге және жастардың сапалы білім алуына жол ашуға бағытталған, - деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қазіргі уақытта елде 772 колледж жұмыс істеп тұр, онда 565 мың студент білім алуда. Биыл техникалық және кәсіптік білім беру саласында 153 мың студент мемлекеттік грант есебінен оқитын болады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 мың орынға көп. Мемлекеттік тапсырыстың 70%-ы машина жасау, көлік, энергетика, IT, құрылыс және басқа да техникалық мамандықтарға бөлінбек.
ШҚО-да ірі кәсіпорындармен бірлесе отырып, жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру бойынша кешенді іс-шаралар жоспары бекітілді. Қазіргі таңда облыстың 38 колледжінде 19 966 студент білім алып жатыр. Оның ішінде 5 мыңға жуық студент оқу орнын аяқтағаннан кейін өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасады. Бұл 86,6% көрсеткішін құрайды.
2025 жылдан бастап өңірде құрылыс, ауыл шаруашылығы, авиация, энергетика, су көлігі сияқты бағыттар бойынша жаңа жұмысшы мамандықтары ашылмақ.