KZ
Өскемен
-3°
облачно с прояснениями жел 7 м/с, ОШ
512.81 604.19 6.57

Шығыс Қазақстан ірі инвестициялық форумға дайындалып жатыр

24.09.2025, 18:50 247 Ержан Әбіш

 

Шығыс Қазақстан облысы еліміздің басты инвестициялық алаңына айналмақ. Осы жұма, 26 қыркүйекте Өскеменде «Altai Invest-2025» халықаралық форумы басталады. Бұл жиын өңірдің экспорттық және инвестициялық әлеуетін таныстырып, халықаралық экономикалық байланысты нығайтуға бағытталған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Форум қарсаңында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов негізгі отырыстар өтетін орындардың дайындығын тексерді. Инфрақұрылым, техникалық қамтамасыз ету және қосымша нысандар да қаралды. Әкімнің айтуынша, жұмыстар кестеге сай атқарылып, негізгі бөлігі аяқталған. Енді өңір ең жоғары деңгейдегі меймандарды қабылдауға дайын.

«Altai Invest-2025» аясында бір алаңда бизнес өкілдері, дипломаттар мен сарапшылар бас қосады. Бағдарламада В2В-кездесулер, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, энергетика және туризм бағыттарындағы инвестициялық жобалар көрмесі, пленарлық жиын, панельдік сессиялар және меморандумдарға қол қою рәсімдері жоспарланған.

Форумның басты мақсаты – Шығыс Қазақстанды халықаралық деңгейде сенімді әріптес ретінде көрсету, экономиканың негізгі салаларында жаңа даму нүктелерін ұсыну. 

Сондай-ақ, өзара тиімді ынтымақтастыққа жағдай жасау, тікелей инвестиция тарту, туризмді дамыту және көлік-логистика серіктестігін аймақтық дәліздермен ықпалдастыру міндеті қойылып отыр.

Форумға шетелдік елшілер, Қытай мен Моңғолиядан арнайы делегациялар, сондай-ақ шетелдік және отандық компаниялар қатысады деп күтілуде. Олардың қатарында қаржы институттары, квазимемлекеттік ұйымдар, халықаралық инвесторлар және мемлекеттік органдардың өкілдері бар.

«Altai Invest-2025» нәтижесінде жаңа келісімдер жасалып, кәсіпкерлікке тың мүмкіндіктер ашылады. Сонымен бірге өңірдің инвестициялық тартымдылығы артып, Шығыс Қазақстан экономикасы үшін жаңа кезең басталмақ. Облыс Шығыс пен Батыстың экономикалық мүдделері тоғысатын, инвестициялық идеялар нақты жобаларға айналатын сенімді алаң ретінде өз орнын нығайтуды көздеп отыр.

Дамир Омаров
Фото: Жібек Нұрахмет
Видео: Жәнібек Ырысбай

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу