Ақжар ауылына заманауи өрт сөндіру бекеті қажет – ШҚО
Тарбағатай ауданының орталығы Ақжар ауылында талапқа сай келмейтін ескі өрт сөндіру бөлімшесінің орнына жаңа, заманауи өрт сөндіру бекеті салынбақ. Қазіргі қолданыстағы ғимарат 1985 жылы салынған. Жалпы ауданы небәрі 448 шаршы метрді құрайтын нысанның бір ғана гаражы бар, ал арнайы техниканың біразы қажетті орын болмағандықтан далада тұруға мәжбүр. Қыста қардың, жазда ыстық пен жауын-шашынның астында қалатын техниканың қауіпсіз әрі тиімді жұмыс істеуі мүмкін болмай отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Сала мамандары ғимараттың әбден тозғанын, төбесінен су ағатынын және типтік талаптарға мүлде сай еместігін атап өтеді. Сондықтан аудандық төтенше жағдайлар қызметі жаңа өрт сөндіру бекетін салу бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеп, құрылысқа арналған жер телімін анықтап қойған. Жоспар бойынша жаңа нысанда арнайы техникаға арналған кең бокстар, қызметтік кабинеттер, сондай-ақ төтенше жағдай кезінде жолда қалған азаматтарға жайлы жағдай жасайтын 50 орындық демалу аймағы мен асхана қарастырылады.
Ауданның өрт сөндіру қызметімен танысқан Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов мәселенің шешімін қарастыратынын жеткізді.
Жаңа өрт сөндіру бекеті іске қосылған жағдайда, ауданның қауіпсіздік деңгейі артып, төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мүмкіндігі айтарлықтай жақсармақ. Қазіргі таңда өңірде арнайы техника мен қажетті жабдық толық қамтамасыз етілген, тек сапалы инфрақұрылым керек.
Фото: Артем Жигулин
Видео: Жалғас Сакадиев







