Аягөзден жыл басынан бері 70 тонна күл-қоқыс шығарылды
Аягөз қаласы әкімшілігінің ұйымдастыруымен «Аягөз су» мекемесі мен кәсіпкерлер Р.Дүйсекеев, А.Мұстафин басқаратын серіктестіктері өздеріндегі техника күшімен бірнеше мәрте тазалады. Алайда, тазалық жұмыстарына жұмсалған жанар жағар май мен қаражаттың жайы «акимат тазалайды» деген масылдық ұғымға бой алдырған қала тұрғындарын толғандырмайтыны ұят-ақ.
Үстіміздегі жылы қала тазалығына 38 адам білек сыбана кірісіп, оған 10 техника жұмылдырылды. Тазалық жұмыстары барысында су ағар арықтар тазаланып, сенбіліктерде мемлекеттік мекеме қызметкерлері шарбақтарды сырлап, ағаш түптерін әктеп, жаңадан 2000 дана ағаш көшеттері отырғызылды. Қала сыртындағы полигонға жыл басынан бері мөлшермен 70 тоннадай күл-қоқыс шығарылды.
Қаладағы 53 қоқыс жинақтау орнының 8-і жиі толатындықтан аптасына 2 рет, ал 45 орыннан 1 рет кесте бойынша тазаланып, қалдықтар полигонына шығарылады, - деді Аягөз қаласы әкімінің орынбасары Ерсін Серікбосынұлы.