Су тасқыны: Баспанасыз қалған педагогтер аттестаттаудан босатылады
Сурет: unsplash
Тасқын су салдарынан баспанасыз қалған педагогтер үшін аттестаттау келесі жылға ауыстырылды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің өкілі мәлім етті, деп хабарлайды Altainews.kz, Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
Төтенше жағдай жарияланған өңірлерде педагогтердің білімін бағалау министрлік белгілеген жекелеген мерзімде өтеді.
Жалпы биыл жаңа ережелері бекітілді. Мәселен, биылдан бастап 30 жылдан астам педагогикалық өтілі бар мұғалімдер білімін бағалаудан босатылады. Бұдан бөлек «педагог-тағылымдамашы», «педагог» санаттары алынып тасталды. Ал педагог білімін бақылау қағидаларын бұзғандар бұрынғыдай бес емес, бір жыл мерзімде аттестаттаудан өтуге жіберілмейді. Педагог білімін бағалау нәтижесінің шекті деңгейлері де әртүрлі.
Аттестаттаудың жаңа қағидалары «Шебер ұстаз – табысты оқушы» ұстанымын алға тартып отыр. Енді мұғалімнің жетістіктері оның оқушыларының жетістіктерімен бағаланбақ.
Биыл еліміз бойынша аттестаттаудан 150 мың педагог өтеді. Ашықтықты қамтамасыз ету үшін педагог қызметінің барлық нәтижесі келер жылы іске қосылатын ұлттық платформада жинақталады.
Айта кету керек, өткен жылғы тест нәтижелері биылғы аттестаттаудан өту кезінде ескеріледі.