KZ
Өскемен
-13°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, СШ
494.63 583.22 6.42

Жаңа Құрылыс кодексі: құрылыс саласында қандай өзгерістер енгізіледі?

23.01.2026, 19:30 168 Төлеуғазы Жансая

Қазақстанда 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Жаңа құрылыс кодексі күшіне енеді. Құжатта көзделген өзгерістер құрылыс саласындағы талаптарды жүйелеуге, нысандардың қауіпсіздігін арттыруға және саланың ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Енді елімізде қала құрылысына қатысты барлық жобалар міндетті сараптамадан өтетін болады. Бұған жаңа әзірленетін әрі түзетілетін жобалардың барлығы, соның ішінде егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары да кіреді. Бұл талап жобалардағы қателіктерді алдын ала анықтауға, заңсыз шешімдер мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын жиі өзгертуге шектеу қойылып, оларды екі жылда бір реттен артық түзетуге жол берілмейді.

Құрылыс саласында бақылау күшейту мақсатында Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі енгізіледі. Бұл жүйе арқылы құрылыс жобаларының іске асырылуы толық қадағаланып, қала құрылысы құжаттамасына сәйкес келмейтін нысандарға рұқсат беру шектеледі. Әрбір құрылыс объектісіне бірегей нөмір беріліп, оның жобалау кезеңінен бастап пайдалануға берілгенге дейінгі барлық үдерісі ашық көрсетіледі.

Жаңа Құрылыс кодексінде сейсмикалық қауіпсіздік мәселесіне ерекше мән берілген. Жер сілкінісі қаупі бар өңірлерде құрылыс салу кезінде сейсмооқшаулау жүйелерін қолдану міндеттеледі. Сондай-ақ құрылыс нысандарында сейсмикалық қауіп пен тәуекел барлық кезеңде бағаланып, ғимараттардың сейсмотөзімділігіне міндетті сынақтар жүргізіледі. Қауіпті аймақтардағы тұрғын және қоғамдық ғимараттар паспортизацияланып, аса маңызды нысандарға инженерлік-сейсмометриялық станциялар орнатылады. Құрылысқа арналған жер телімдері де сейсмикалық деректер ескеріле отырып таңдалады.

Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласында қызмет көрсететін ұйымдарға қойылатын талаптар да күшейтіледі. Осы мақсатта мемлекеттік ақпараттық жүйелермен біріктірілген лицензиаттардың электрондық тізілімі енгізіледі. Бұл жүйе арқылы лицензиялардың заңдылығы автоматты түрде тексеріліп, талапқа сай келмейтін немесе жалған компаниялардың нарыққа енуіне жол берілмейді. Бұдан бөлек, халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, 2028 жылдан бастап құрылыс саласындағы инженерлерді сертификаттау жүйесін енгізу жоспарланып отыр.

Сонымен бірге Қазақстанда Ұлттық техникалық нормалау институты құрылады. Бұл институт құрылыс саласындағы техникалық нормативтік талаптарды ғылыми негізде әзірлеумен, жаңартумен және халықаралық стандарттармен үйлестірумен айналысатын бірыңғай орталыққа айналады. Институт базасында сәулет, құрылымдар, қала құрылысы, көлік, инженерлік желілер мен сумен жабдықтау бағыттары бойынша салалық техникалық комитеттер қалыптастырылады.

Құрылысқа бақылау мен жауапкершілік те айтарлықтай күшейтіледі. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы органдары құрылыс нысандарына құрылыс басталған сәттен бастап пайдалануға берілгенге дейінгі барлық кезеңде бақылау жүргізеді. Сонымен қатар, есептер мен мониторинг деректеріне негізделген қашықтан бақылау жүйесі енгізіледі. Заңсыз салынған объектілер анықталған жағдайда, бұл туралы әділет органдарына міндетті түрде хабарланады. Ал ғимараттарды пайдалануға қабылдау кезінде мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы және төтенше жағдайлар жөніндегі органдардың қатысуы қамтамасыз етіледі.

Жалпы алғанда, жаңа Құрылыс кодексі - құрылыс саласында тәртіп орнатуға, қауіпсіздікті арттыруға және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған маңызды құжат.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу