Шығыстың жас хоккейшілерінің тартысты додасы
Шайбалы хоккейден Шығыс Қазақстанның жастары арасындағы турнир өз мәресіне жетті. Мұз айдынында екі күн бойы болған тартысты ойындар Қысқы спорт фестивалінің аясында өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Турнир «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылып, жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттауға, құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталды. Облыстық әкімдік пен прокуратураның ұйытқы болуымен өткен дода жас спортшыларға үлкен мүмкіндік пен жаңа серпін сыйлады. Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов жас спортшыларға ақ жол тілеп, мұндай ауқымды жарыстың өскелең ұрпақ үшін маңызы зор екенін атап өтті.
Мұз айдынында алғаш рет үлкен алаңға шыққан жас хоккейшілердің қуанышы мен толқынысы ерекше. Жанкүйерлер қолдауы, толассыз қол шапалақ пен жігерлі ұрандар жас спортшыларды жеңіске жетелей түсті.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге кубоктар, медальдар, алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар, үздік қақпашы, үздік шабуылшы және үздік ойыншыларға да жеке марапаттар тағайындалды.
Жарыс қорытындысы бойынша 17 жасқа дейінгі ойыншылар арасында «Устинка» командасы топ жарып, бірінші орынды иеленді. Ал 14 жасқа дейінгі жас хоккейшілер арасындағы бәсекеде «Торнадо» командасы үздік атанып, біріншіліктен көрінді.
Ересек жас санатында «Ульбинка» командасы күміс жүлдеге ие болса, осы клубтың кіші жас тобындағы ойыншылары да екінші орынды қанағат тұтты. Ал «КШТ» командасы жүлделі үшінші орынды иеленді.
Видео: Руслан Акматалиев
Фото: Жібек Нұрахмет















