ІІМ Кубогы: Өскеменде мұз айдынында тартысты турнир басталды
Өскемен қаласында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің Кубогы үшін шайбалы хоккейден дәстүрлі турнир өз жалауын көтерді. Бұл жарыс ішкі істер органдары қызметкерлері арасында өткізіліп отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Ауқымды спорттық шара – биылғы жылы Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамының 100 жылдығына арналған. Маңызды тарихи даталарға орайластырылған турнир елдің әр түкпірінен келген мықты хоккей командаларының басын Өскеменде қосты.
Жарыс Шығыс Қазақстан облысының орталығында қатарынан екінші рет ұйымдастырылып отыр. Осылайша, бұл бастама өңірде дәстүрге айнала бастағанын көрсетеді. Биылғы турнирде жарыс қожайындары – Өскемен құрамасы, өз айдындарында алты өңірден келген меймандарды қарсы алып отыр. Кубок үшін Астана қаласы, Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары, сондай-ақ ҚР ІІМ МҚКБ құрамасы бақ сынауда. Барлығы 7 команда – бір мақсат үшін: жеңіс пен чемпиондық атақ үшін шайқасуда.
Турнирдің ашылу салтанаты ерекше атмосферада өтті. Мұз үстіндегі спортшылардың жігері мен трибуналардағы жанкүйерлердің ыстық қолдауы мұндай жарыстардың тек спорт емес, рух пен бірліктің мерекесі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Салтанатты шара барысында Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Серік Манапов қатысушыларды құттықтап, турнирдің маңыздылығына тоқталды.
Хоккей турнирі бірнеше күнге созылады. Алда жанкүйерлерді тартысты матчтар мен спорттық рухқа толы сәттер күтіп тұр. Өскемендегі бұл жарыс ішкі істер саласындағы ынтымақтастықты арттырып, салауатты өмір салтын насихаттаудың жарқын үлгісі болмақ.
Фото: ШҚО ПД